Бір тәулікте 146 афтершок болды: Камчаткада бес жанартау атқылай бастады

0
112

Ғалымдардың пікірінше, Шивелуч және Ключевской жанартауларының белсенділігі 30 шілдедегі күшті жер сілкінісінен кейін арта бастады.


Бір тәулікте 146 афтершок болды: Камчаткада бес жанартау атқылай бастады

Фото: РИА Новости/ Н. Балахонцева
ERNUR.KZ. Камчаткада бес жанартау тым белсенді. Ресейдік төтенше жағдай министрлігі аймаққа жақындамауға шақырды, деп жазады Stan.kz.


Ключевской жанартауы атқылап жатыр, сондай-ақ күшейіп келеді.Ол стромболиялық белсенділік танытып, күл шығарып, лава ағыны түсіп жатыр. Күлдің шығуы 10 шақырымға дейін жетуі мүмкін.

“Шивелучте экструзивті-эксплозивті атқылау жалғасып жатыр. Күлдің шығуы 8 км-ге дейін болуы мүмкін. Карымскийде шыңдық атқылау, күлдің шығуы 8 км-ге дейін жетуі ықтимал. Безымянныйде әлсіз экструзивті-эксплозивті атқылау жалғасып жатыр. Камбальныйда сейсмикалық белсенділік тіркелді. Оның салдары эксплозивті атқылауға әкелуі мүмкін. Күлдің шығуы 6 км-ге дейін жетуі ықтимал”, — деп хабарлады Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігінің аймақтық басқармасы.

Ғалымдардың пікірінше, Шивелуч және Ключевской жанартауларының белсенділігі 30 шілдедегі күшті жер сілкінісінен кейін арта бастады.

30 шілде күнгі жер сілкінісінен кейін Камчаткада 160-тан астам адам эвакуацияланып, уақытша орындарға орналастырылды.

“Бір тәулікте магнитудасы 3,2-ден 6,2-ге дейін 146 афтершок болды. Халық тығыз орналасқан аймақтарда олардың 20-дан астамы 2-ден 5 баллға дейін сезілген. Уақытша орналастыру орындарында 160-тан астам адам болды. Адамдармен Ресей төтенше жағдайлар министрлігінің психологтары жұмыс істеп жатыр, — делінген хабарламада.

Сейсмологтардың мәліметінше, Камчаткадағы сейсмикалық белсенділік азайып келеді, бірақ әлі де жоғары деңгейде сақталып отыр. 30 шілдедегі магнитудасы 8,8 жер сілкінісінен кейінгі афтершоктар бірнеше айға созылуы мүмкін деп болжам бар.