Рекордтық мұнараның құрылысы 2018 жылы басталған.
Interesting Engineering деректеріне сүйенсек, бұл мұнара Қызыл теңіз жағалауындағы Джидда қаласының көкжиек сызығын 1000 метрден астам биіктікте тіліп өтеді.
Инженерлер мұндай биіктіктегі ғимаратты тұрғызуды бірнеше онжылдықтар бойы армандап келді. Құрылысы аяқталғанда, мұнара қазіргі рекорд иесі — Дубайдағы Бурдж-Халифадан шамамен 180 метрге биік болады және 20 миллиард долларлық Jeddah Economic City жобасының басты нысанына айналады.
Алғашында "Корольдік мұнара" деп аталған бұл құрылыс Сауд Арабиясының жаңғыруы мен экономикалық қайта түлеуінің символына айналмақ. Жобаның бас сәулетшісі — Адриан Смит (Adrian Smith + Gordon Gill Architecture бюросы), ол бұған дейін Бурдж-Халифаны да жобалаған.
Сәулетші табиғаттан шабыттанған: мұнара пішіні шөлді аймақта өсіп келе жатқан жас өсімдіктердің жапырақтарын еске салады. Жіңішке әрі сәл асимметриялы бейнесі — жерден көкке ұмтылған өркендер секілді.
Мұнараның Y әрпі тәрізді үш жапырақты іргетасы тек әсемдік үшін емес — ол аэродинамикалық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Бұл — биіктіктегі екпінді желдерге төтеп беруі тиіс ғимарат үшін аса маңызды.
Рекордтық мұнараның құрылысы 2018 жылы басталған. Алайда бірнеше жылдан соң жоба тоқтап қалған болатын. Тек 2025 жылдың қаңтарында құрылыс ресми түрде қайта басталып, жаңа қарқынмен жүріп жатыр. Қазір жобаны Saudi Binladin Group, Dar Al-Handasah және Turner Construction консорциумы жүзеге асыруда.
2025 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша мұнара 70-қабатқа жеткен. Құрылысшылар әрбір төрт күн сайын бір қабатты аяқтап жатыр, сондықтан нысанды 2028 жылға дейін аяқтау жоспары орындалуы мүмкін.
Jeddah Tower — бұл жай ғана ғимарат емес, әлемге елдің жаңа кезеңге дайын екенін білдіретін маяк іспетті.