Аустралияда 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіге тыйым қою нәтиже бермеген

0
138

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, заң күшіне енгеннен кейін үш ай өткен соң 16 жасқа дейінгі жасөспірімдердің 81%-дан астамы әлеуметтік желілерді пайдалануды жалғастырған.


Аустралияда 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіге тыйым қою нәтиже бермеген

Фото: magnific.com
ERNUR.KZ. Аустралияда 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желі қолдануға тыйым салынғанымен, зерттеу бұл шектеудің күткен нәтижені бермегенін көрсетті, деп жазады Stan.kz.

Аустралияда 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салатын заң күшіне енгеніне жарты жыл өтсе де, жасөспірімдердің басым бөлігі бұл шектеуді айналып өтіп жүр.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, заң күшіне енгеннен кейін үш ай өткен соң 16 жасқа дейінгі жасөспірімдердің 81%-дан астамы әлеуметтік желілерді пайдалануды жалғастырған. Ал олардың 58%-ы әлеуметтік желіге күн сайын кіретінін айтқан.

eSafety мәліметінше, шектеулер жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалану деңгейін айтарлықтай төмендете алмаған.

"Жаңа ереже күшіне енгенге дейін әлеуметтік желіде аккаунты болған 16 жасқа толмағандардың басым бөлігі үш ай ішінде өз аккаунтын сақтап қалды немесе жаңасын ашты. Бұған әлеуметтік желі платформаларының жас шектеуін тиімді тексермеуі себеп болды", – делінген есепте.

Зерттеу барысында балалардың жартысына жуығы әлеуметтік желілердің олардың жасын мүлде тексермегенін айтқан. Кейбірі аккаунтында жасы 16-дан жоғары деп көрсетілгенін немесе жүйенің оларды кәмелетке толған деп қате анықтағанын мәлімдеген.

Қазір Meta (Facebook, Instagram), Snapchat, TikTok және Google (YouTube) платформаларына қатысты заң талаптарының сақталуына байланысты тексеру жүргізіліп жатыр.

Аустралия үкіметі маусым айында талаптарды орындамаған технологиялық компанияларға салынатын айыппұл мөлшерін екі есеге арттырып, eSafety реттеушісінің ақпарат жинау өкілеттігін кеңейтетінін хабарлады.