Әлемдегі ең қауіпті түрме қайта ашылады

0
120

60 жылдан астам уақыт бұрын жабылған бұл түрме қайтадан елдегі ең қауіпті қылмыскерлер мен заңсыз иммигранттарды оқшаулау мақсатында ашылмақ.


Әлемдегі ең қауіпті түрме қайта ашылады

ERNUR.KZ. АҚШ президенті Дональд Трамп Сан-Франциско маңындағы Калифорния аралында орналасқан атышулы Алькатрас түрмесін қайта ашып, кеңейтуге бұйрық бергенін мәлімдеді, деп жазады baq.kz.

60 жылдан астам уақыт бұрын жабылған бұл түрме қайтадан елдегі ең қауіпті қылмыскерлер мен заңсыз иммигранттарды оқшаулау мақсатында ашылмақ.

Жексенбі күні кешке Truth Social желісіндегі парақшасында Трамп жазба жариялады.

Америка ұзақ уақыт бойы азғын, қатыгез және рецидивист қылмыскерлерден зардап шекті. Бұлар – қоғамның қоқысы. Бұрын біз нағыз байыпты ел болғанда, осындай қылмыскерлерді еш ойланбастан оқшаулап, оларды бейбіт тұрғындардан аулақ ұстайтынбыз. Сол дәстүрді қайта қалпына келтіруіміз керек, - деді ол.

Алайда сарапшылар бұл шешімді жүзеге асыру оңай болмайтынын айтады. Алькатрас түрмесі 1963 жылы жоғары шығындар мен ескірген инфрақұрылымға байланысты жабылған болатын. Түрмені қамтамасыз ету үшін барлық қажетті заттар — су, отын, азық-түлік — аралға қайықпен жеткізілетін, бұл өте қымбатқа түскен.

Бүгінде арал АҚШ Ұлттық парктер қызметінің қарамағында және тарихи ескерткіш мәртебесіне ие. Бұл жер жыл сайын миллиондаған туристерді қабылдайтын Сан-Францискодағы ең танымал бағыттардың бірі.

Қашу мүмкін емес мекеме

Алькатрас Тынық мұхитының суық сулары мен қатты ағыстарының арқасында "қашып құтылу мүмкін емес" түрме ретінде танымал. Түрме "Скала" деген атаумен де белгілі.

ФБР деректеріне сәйкес, түрме жұмыс істеген 29 жыл ішінде 36 адам 14 мәрте қашуға әрекеттенген. Көпшілігі ұсталып, кейбірі көз жұмған. Ең әйгілі оқиғалардың бірі — 1962 жылы Фрэнк Моррис пен Энглин ағайындыларының қашуы. Олар ешқашан табылған жоқ және бұл оқиға «Алькатрастан қашу» (1979) фильміне арқау болған.

Қоғамдық реакция

Трамптың бұл бастамасына қарсы пікір білдірушілер де табылды. Калифорния штатының атынан сайланған Конгресс өкілі, бұрынғы спикер Нэнси Пелоси да жазба қалдырды.

Бұл енді ұлттық паркке айналған, Сан-Францискодағы басты туристік орын. Президенттің ұсынысы — байыпты емес, — деді ол.

Федералды түрмелер бюросы президенттің бұйрығы орындалатынын мәлімдегенімен, Алькатрастың қайта ашылуының техникалық және заңдық негіздері туралы нақты түсініктеме берген жоқ.

Қазіргі таңда АҚШ-тағы қатаң режимдегі 16 түрме жұмыс істейді. Олардың қатарында Колорадо штатындағы Флоренс және Индиана штатындағы Терре-Хот түрмелері бар. Соңғысында федералды өлім жазасына кесілгендер отыр.