Қылмыскер әйелді көлігімен бірге алып қашып, ақша бопсалаған.
Фото: South China Morning Post
ERNUR.KZ. Қытайдың Чжэцзян провинциясындағы Ханчжоу қаласында 35 жастағы Ма есімді әйелге пышақпен шабуыл жасалды. Әйел адамды кеудесіндегі силикон импланттары құтқарып қалған. Бұл туралы South China Morning Post басылымы жазды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Ма есімді әйел сауда орталығының жанында көлігіне отыра бергенде қаскүнем жанына отырып алып, пышақпен қорқытып, алдымен тұрақ ақысын төлеуді, кейін 60 шақырым жердегі Тунсян қаласына баруды талап еткен.
Тунсянға жеткен соң, қылмыскер әйелден ақша талап етеді, алайда банк шотында қаражат болмаған. Осыдан кейін ол достарынан қарызға ақша сұрауды бұйырады. Осы сәтте әйел қылмыскердің байқамай қалғанын пайдаланып, сүйіктісіне жасырын хабарлама жібереді.
Сүйіктісі телефонның орналасқан жерін анықтап, бірден Тунсян полициясына хабар береді.
Полиция келген сәтте қылмыскер Маға 22 рет пышақ сұғып үлгереді, кейін өз-өзіне қол жұмсайды. Әйел ауыр жараланған күйде ауруханаға жеткізіледі, алайда аман қалады.
Дәрігерлердің айтуынша, шабуыл кезінде жасалған пышақ жарақаттарының басым бөлігі кеуде тұсына тиген. Силикон импланттары пышақтың ену күшін бәсеңдеткен, тек бір ғана соққы өкпеге тиген.
Мамандардың айтуынша, импланттар күтпеген жағдайда қорғаныс ретінде қызмет атқарған. Әйелге дер кезінде ота жасалып, жағдайы тұрақтандырылды.