Қайғылы оқиға кезінде сегіз адам қаза тауып, тағы төртеуі зардап шеккен.
ERNUR.KZ. БҚО-да "Чапай-Жаңақала-Сайхын" бағытындағы тасжолда болған жол апатының мән-жайын анықтау жөніндегі комиссия құрылды. Қайғылы оқиға кезінде сегіз адам қаза тауып, тағы төртеуі зардап шеккен, деп жазады tengrinews.kz.
БҚО әкімдігі мәліметінше, комиссия құрамына облыс прокуроры, облыстық полиция департаменті, төтенше жағдайлар департаменті және салалық басқармалар басшылары, Жаңақала ауданының әкімі кірген.
"Жұмыс тобы Жаңақала ауданында болған жол-көлік оқиғасына байланысты, оның мән-жайын толық әрі объективті анықтауды, сондай-ақ зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетуді, жол-көлік оқиғасының себептері мен мән-жайына талдау жүргізіп, құзыретті органдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді", - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында жантүршігерлік жол апатынан сегіз адам қаза тапқаны туралы хабарланған болатын.


