Оралда полиция бастығының орынбасары қызметкерін пышақтады ма: оқиғаға қатысты тың мәлімет жарияланды

0
97

​Оқыс оқиға 8 қараша күні болған.


Оралда полиция бастығының орынбасары қызметкерін пышақтады ма: оқиғаға қатысты тың мәлімет жарияланды

фото: istockphoto.com

ERNUR.KZ. Орал қаласында Абай аудандық полиция басқармасы бастығының жедел жұмыс жөніндегі бірінші орынбасары, полиция майоры Дамир Ислямғалиевтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Осыған байланысты облыстық Полиция департаменті тың мәлімет жариялады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Орал апталығы» басылымының мәліметіне сүйенсек, ол қарамағындағы қызметкерлерінің бірінің ішіне пышақ сұғып алған.

Агенттік тілшісі оқиғаның мән-жайын білмек үшін Батыс Қазақстан облысының Полиция департаментіне сауал жолдады. Құқық қорғау органы оқиғаның 8 қараша күні болғанын растады. Алайда жараланған адам дәл қазіргі сәтте полиция қызметкері емес екенін мәлім етті.

«Осы жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Жәбірленушінің айтуынша, ол абайсызда жараланған. Бұдан бөлек, тергеу аясында бұл оқиғаға тағы бір экс-полицейдің қатысы болуы мүмкін деген нұсқа да тексеріліп жатыр», – делінген облыстық ПД-ның агенттік тілшісіне берген пікірінде.

Сол сияқты тергеу барысы объективті түрде тексерілуі үшін Өзіндік қауіпсіздік бөлімшесінің қызметкерлері тартылған әрі қызметтік тексеру жүргізілді.

«Оқиғаға қатысы бар екі азамат бұған дейін ішкі істер органдарындағы жұмысынан босатылған. Ал әлеуметтік желілерде тарап жатқан олардың бірге ішімдік ішіп отырып жанжалдасқаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеміз. Оқиғаға қатысты түпкілікті құқықтық шешім тергеу нәтижесі бойынша беріледі», – дейді Полиция департаменті.