Қазақстанда алғашқы медициналық көмек қызметкерлеріне қосымша ақы төлеу тәртібі белгіленеді

0
120

Құжат "Ашық НҚА" порталында жарияланды. Қоғамдық талқылау 25 қарашаға дейін жалғасады.


Қазақстанда алғашқы медициналық көмек қызметкерлеріне қосымша ақы төлеу тәртібі белгіленеді

Фото: freepik

ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрлігі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде денсаулық сақтау субъектілерінің қызметтеріне ақы төлеу қағидаларына түзетулер әзірледі, деп жазады zakon.kz.

Атап айтқанда, Кодекске енгізілген және 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін өзгерістерді ескере отырып, медициналық-санитариялық алғашқы көмекті (МСАК) қаржыландыру тетіктерін жетілдіру көзделген. Өзгерістер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін қамтиды.

МСАК қызметкерлеріне қосымша ақы төлеу тәртібін белгілеу ұсынылып отыр. Сондай-ақ түзету коэффициенттерін қолдану тәртібі жетілдірілмек. Атап айтқанда, оларды сақтандырылмаған азаматтарға қатысты қолдануды алып тастау және профилактикалық медициналық қарап-тексерулер мен скринингтік зерттеулерден өтуге тиіс нысаналы топтарға 0,8 коэффициентін қолдану шарттарын нақтылау жоспарланған.

Бұдан бөлек, МСАК қызметінің көрсеткіштеріне қол жеткізгені үшін ынталандыруға негізделген қаржыландыру моделін енгізу көзделген. Қызметтерге ақы төлеу қағидалары да бекітілген Тарифтерді қалыптастыру әдістемесіне сәйкестендіріледі.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, түзетулер ТМККК және МӘМС жүйесі шеңберінде МСАК-ты қаржыландыру тетіктерін жетілдіруге, медицина қызметкерлерін ынталандыруға, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Өзгерістерді 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізу жоспарланып отыр.

Құжат "Ашық НҚА" порталында жарияланды. Қоғамдық талқылау 25 қарашаға дейін жалғасады.