Бізде жанармай көршілерге қарағанда әлдеқайда арзан – Олжас Бектенов

0
99

Бұл туралы Премьер-министр Үкімет отырысында айтты.


Бізде жанармай көршілерге қарағанда әлдеқайда арзан – Олжас Бектенов

Фото: egemen.kz

ERNUR.KZ. Оның сөзінше, көрші елдер мен Қазақстандағы жанармай бағасында салыстырмалы түрде айырмашылық көп байқалады, деп жазады inbusiness.kz.

Сол себепті, Олжас Бектенов мұнай өнімдерінің шекарадағы айналымын күшейтілген режиммен бақылауды тапсырып отыр.

– Жанар-жағармай материалдарының бағасын көтеруге енгізілген мораторийді ескеретін болсақ, көршілес елдермен арадағы баға диспаритеті күшейіп келеді. Қарапайым тілмен айтқанда, біздің бензин мен дизель көршілерге қарағанда әлдеқайда арзан. Сондықтан, Энергетика, Сауда, Қаржы, Ішкі істер министрліктері мен Қаржылық мониторинг агенттігі және Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі отын балансына және мұнай өнімдерінің басқа елдерге заңсыз өтіп кетуіне жол бермеу мәселесіне қатаң бақылауды қамтамасыз етуі қажет, – деді ол.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы және Сауда министрліктеріне инфляция деңгейін төмендетуге тапсырма берді.

– Бағаның өсуіне сыртқы факторлардың әсерін барынша азайту жұмыстарын күшейтуі қажет. Коммуналдық қызметтерге тарифтердің шекті үлесі сақталуға тиіс, – деп нақтылады Премьер-министр.

Еске салайық, бүгін Үкіметтің, Ұлттық Банктің және Қаржы нарығын реттеу агенттігінің макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі 3 жылдық бірлескен іс-қимыл бағдарламасы таныстырылған еді.