Тесілген БАССЕЙНДІ бүтіндеуге қандай ЖЕЛІМ жақсы?

0
306


Тесілген БАССЕЙНДІ бүтіндеуге қандай ЖЕЛІМ жақсы?

Сурет: ЖИ

Ата-аналар жаздың ыстық күндерінде ұл-қызының салқын суға армансыз шомылғанын, асыр салып ойнағанын қалайды. Сондықтан дәл қазір екінің бірінің ауласынан шағын үрлемелі бассейндерді көреміз.

Алайда оның қабырғасы немесе үрлемелі бөлігінің тесілуі – ата-аналарды жиі әлекке салатын, бас ауруына айналатын жағдай. Мұндайда кей ата-аналар жаңасын сатып алуға асығады, біреулер қайта-қайта жапсырып-жамап әлекке түседі, енді біреулер қолын бір сілтеп, жазды салқын хауызсыз өткізуді таңдайды.

Тесілген бассейнді бүтіндеуде қиындық тудыратын – үнемі сумен тікелей жанасатындықтан, желімді жақсы ұстамауы. Бірақ бұл мүлде шешімі жоқ мәселе емес. Дұрыс желім таңдап, жөндеу ережелерін сақтау ысырапшылдықтан құтқарады.


Бассейнді жамауға қандай желім қолайлы?

Каркасты және үрлемелі бассейндердің басым бөлігі ПВХ (поливинилхлорид) материалынан жасалады. Сондықтан желім таңдағанда оның дәл осы материалға жарамды екеніне көз жеткізу керек.

Сапалы желім мынадай талаптарға сай болуы тиіс:

      • суға төзімді болуы;
      • ыстық пен суыққа, температураның күрт өзгеруіне шыдауы;
      • ПВХ материалымен жақсы жабысып, берік бекітуі;
      • механикалық күшке төзімді болуы.


Осы талаптарға сәйкес келетін желімдердің бірнеше түрі бар:

      • цианоакрилат негізіндегі желімдер (көбіне «супержелім» деп сатылады);
      • полиуретан негізіндегі желімдер;
      • контактілі полихлоропрен желімі;
      • жұмсақ ПВХ материалдарына арналған арнайы суға төзімді винил желімі.


Егер бассейнді ұзақ уақыт пайдалануды жоспарласаңыз, ПВХ материалдарына арналған арнайы жөндеу желімдерін қолданған дұрыс.


Жамаудың дұрыс қадамдары

Желімнің түрі қандай болса да, жөндеу кезінде бірнеше маңызды ережені сақтау қажет.

1. Бассейнді толық кептіріңіз

Алдымен бассейндегі суды түгел ағызып, тесілген жерді толық құрғатыңыз. Ылғал бетке жағылған желім қажетті беріктікті қамтамасыз ете алмайды.


2. Дұрыс жамау материалын таңдаңыз

Жамау ретінде қолданылатын ПВХ бөлігінің қалыңдығы мен икемділігі бассейннің өз материалымен мүмкіндігінше бірдей болуы керек. Егер жамау ішінде арматуралық талшық болса, ол үлкен тесіктерді бітеуге анағұрлым сенімді болады.


3. Бетін аздап тегістеңіз

Желім жақсы жабысуы үшін жөнделетін аймақты өте ұсақ тегістеу қағазымен (наждакпен) жеңіл ғана өңдеуге болады. Бірақ материалды қажап немесе жұқартып алмауға ерекше мән берген жөн. Қажағаннан кейін жұмсақ шөткемен тағы тазалап жіберіңіз.


4. Материалды майдан тазартыңыз

Желімді жағар алдында тесілген аймақты міндетті түрде майсыздандыру қажет. Ол үшін спирт, бензин, уайт-спирит немесе толуол қолдануға болады. Ал ацетонды пайдаланбаған жөн, өйткені ол ПВХ материалын бүлдіруі мүмкін.


5. Желімді жағып, жамауды жабыстырыңыз

Желімді өндіруші көрсеткен нұсқаулық бойынша жағып, жамауды тесікке дәл орналастырыңыз. Ауа қалмайтындай етіп жақсылап басып, белгіленген уақыт бойы қозғалтпай ұстаңыз. Желім толық қатқаннан кейін ғана бассейнге су құю ұсынылады.


ЛАЙФХАК! Ас содасы желімнің қасиетін күшейтеді

Ас содасы мен супержелім қосындысы қымбат желімдерден де асып түседі. Бұл екі қосындының тиімділігі таңқаларлық, кез-келген затты берік етіп біріктіре алады.

Ең алдымен біріктіретін заттың бетін шаң мен майлы дақтардан сүртіп тазартып алу керек. Бұл затты сапалы желімдеу үшін қажет. Себебі желім майлы жерді дұрыс жабыстырмайды. Сондықтан спирт пен сірке қышқылының көмегімен заттағы майлы дақты сүртіп тазартып алу қажет. Құрғақ бетке қажетті мөлшерде ас содасын сеуіп, тегістеп жайып шығамыз. Үстінен супержелімді мұқият тамшылату қажет. Желім мен ас содасы араласқан кезде жылу мен ерекше иіс бөлінеді (мүмкіндік болса иіскемеуге тырысу керек).

Ескеру! Материалдың түріне және жағдайына қарай, бірінші желімді жағып, ас содасын үстінен себуге де болады. Затты біріктіріп болған соң ас содасының артық қалдықтары түсу үшін сілкіп жіберу керек. Мұндай желім жоғары температура мен суға төзімді, берік болады.

Ханбиі ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Суды ҮНЕМДЕУ үшін унитазға ҚҰМ САЛЫП қойыңыз

ҰСТАЗдар ЖАЗғы демалыста неден ҚАТЕЛЕСЕДІ?