Жақында өткен «Зерде» ғылыми жобалар конкурсында ерекше көзге түсті.
Түркістандық оқушылар күн энергиясы арқылы ауылдық аймақтарды энергиямен қамтамасыз ету жобасын жасады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы, Келес ауданы №33 «Жуантөбе» жалпы білім беретін мектебінің 4-сынып оқушылары Жақсылық Мақсат пен Жәнібек Бекарыс жақында өткен аудандық «Зерде» ғылыми жобалар конкурсында ерекше көзге түсті.
Жақсылық Мақсат «Желдеткіш жобалау технологиясы» атты ғылыми жобасын сәтті қорғады. Жобаның басты мақсаты – қарапайым тұрмыстық құрал болып табылатын желдеткішті жасау барысында информатика пәнінен алған білімдерін жүйелеу және оларды тәжірибеде қолдана білуін көрсету. Сонымен бірге жаратылыстану сабақтарында меңгерген теориялық білімді кеңейтіп, оны шығармашылық тұрғыда іске асыру болды.
Оқушы өзінің қолымен құрастырған желдеткіштің электр энергиясын үнемдеуге, экологияны қорғауға бағытталғанын дәлелдеп шықты. Бұл құрылғы электр тогынсыз жұмыс істейді, еш шығынды қажет етпейді және адам денсаулығына зиянсыз. Мақсат жасаған желдеткіш – жаз мезгілінде қолдануға өте тиімді құрал.
Ал Жәнібек Бекарыс бала кезінен физика ғылымына ерекше қызығып келеді. Бекарыс осы бағыттағы білімін тереңдетіп, «Күн энергиясы арқылы ауылдық аймақтарды энергиямен қамтамасыз ету» атты ғылыми жобасын дайындап, аудандық кезеңде №66 мектепте өз жұмысын қорғады.
Жобаның жаңалығы – күн панельдері бұлтты күндері күн көзін тиімді қабылдау үшін бұрылу қабілетіне ие болуы және тұрақты түрде энергия өндіруі. Оқушының болжамынша, күн энергиясын қолданудың ғылыми негіздерін жан-жақты зерттеу болашақта мамандық таңдауға бағыт-бағдар береді. Оның құрастырған құрылғысы күн панелі, жел генераторы, оң және теріс сымдар, сондай-ақ қуат беретін батареядан тұрады.


