Түркістандық делегация халықаралық азық-түлік көрмесіне қатысып жатыр

0
128

Шетелдік компаниялармен іскерлік кездесулер өткізді.


Түркістандық делегация халықаралық азық-түлік көрмесіне қатысып жатыр

Алматы қаласында халықаралық «Азық-түлік өнеркәсібі» – «FoodExpo Qazaqstan 2025» көрмесі өтуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Алматы қаласында Орталық Азияның 27-ші халықаралық «Азық-түлік өнеркәсібі» – «FoodExpo Qazaqstan 2025» көрмесі өтуде. Ауқымды көрмеге Италия, Қытай, Польша, Ресей, Австрия, Малайзия және Корея Республикаларының жетекші компаниялары қатысып жатыр.


Көрменің мақсаты – тамақ өнеркәсібін дамыту, заманауи технологияларымен танысу, түрлі жабдықтар мен ингредиенттер және орау материалдарын өндіретін әлемнің жетекші компанияларымен әріптестікті нығайту, тиімді ынтымақтастық орнату.


Көрме аясында «TURKISTAN INVEST» ЖШС өкілдері шетелдік компаниялармен іскерлік кездесулер өткізді. Онда Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті таныстырылып, өңдеу және тамақ өнеркәсібін, сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту саласындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.


Сонымен қатар Малайзияның Julie’s Manufacturing Sdn Bhd, BodiBasixs Manufacturing Sdn Bhd, Tesomac Sdn Bhd сынды ірі кәсіпорын басшыларымен іскерлік жүздесулер ұйымдастырылып, тараптар инновациялық технологияларды енгізу және өндірістік тиімділікті арттыру мәселелерді зерделеді. Сондай-ақ, Малайзиялық Cape EMS Berhad, Christee Holding Sdn Bhd, GBS, Marrybrown және Lifestyle Venture компанияларының жұмыс жүйесі таныстырылды.


Форумға Түркістан облысынан «Bereke Plastic» ЖШС және «Шымкент Бәйтерек» ЖШС компаниялары қатысып, өз өнімдерін ұсынды. «Bereke Plastic» компаниясы Tesomac Sdn Bhd кәсіпорнымен, ал «Шымкент Бәйтерек» компаниясы Julie’s Manufacturing Sdn Bhd кәсіпорнымен екжақты келіссөздер жүргізді. Кәсіпорындар өндіріс көлемін арттыру және шетелдік серіктестермен ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін жан-жақты талқылады.


Келіссөздер нәтижесінде қос тарап ұзақ мерзімді серіктестікті дамытуға және өнеркәсіп саласындағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға дайын екендерін жеткізді.

Бөлісу