Түркістанда жыл үздіктері марапатталды

0
78

Олар түрлі салада жетістікке жеткен азаматтар


Түркістанда жыл үздіктері марапатталды

Түркістанда «Жыл үздіктері – 2025» салтанатты марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда дәстүрлі «Жыл үздіктері – 2025» салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Бұл күні жыл қорытындыланып, түрлі салада жетістікке жеткен азаматтарға, адал еңбегімен дараланған еңбек адамдарына құрмет көрсетілді.


Салтанатты жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің дамуында әрбір тұрғынның үлесі маңызды екенін атап өтіп, облыстың жетістіктеріне тоқталды. Көпшілікті келе жатқан 2026 жылмен құттықтап, жыл үздіктеріне мемлекеттік наградалар мен алғыс хаттар табыстады.


– Жаңа жыл – өткен жылға есеп беріп, болашаққа жаңа жоспарлар жасайтын мереке. Бүгін осы тарихи сәтте Түркістан өңірінің әр саладағы үздіктеріне құрмет көрсетіледі. 2025 жыл еліміз үшін табысты болды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жолдауында ел дамуының жаңа басымдықтарын айқындап берді. Экономиканы әртараптандыру және жасанды интеллектіні жаңғыртуды тапсырды. Осыған сәйкес облыста нақты шаралар қолға алынды. Мемлекет басшысы ауыл – халықтың түп-тамыры екенін айрықша атап өтті. Облыс тұрғындарының 75 пайызы ауылда қоныстанған. Осыған байланысты ауыл халқын сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – біздің негізгі басымдығымыз. Биыл ауыз су құбыры мүлдем болмаған 30 елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылып, 37 елді мекеннің тозған су желілері жаңартылды. Нәтижесінде, халықты ауыз сумен қамту деңгейі 100%-ға жеткізілді. Қосымша 43 елді мекенге табиғи газ тартылып, газбен қамту деңгейі 88,9%-ды құрады. 821 шақырым жол жөндеуден өтіп, нормативтік үлесі 94,8%-ға жетті. 52 мыңнан астам халқы бар 27 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілді. Жалпы өнеркәсіп саласында жыл басынан 322 млрд. теңгеге 52 инвестициялық жоба іске қосылып, 7 636 жұмыс орны ашылды. Өнеркәсіп саласында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 11 айда 1,4 трлн. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 112,5%-ды құрады. Қол жеткізген барлық табыстарымыз ел ішіндегі бірлік пен бейбіт өмірдің жемісі деп білемін. Бүгінгі жиын өңірдің дамуына әр салада жетекшілік етіп, өзгелерге үлгі болған азаматтарға арналуда. Бұл марапат – сіздердің қажырлы еңбектеріңізге берілген әділ баға, зор құрметтің белгісі. Жеткен жетістіктеріміз бен жоғары көрсеткіштеріміз алдағы жылы да еселене түседі деп сенемін. Жаңа жыл әрқайсымызға жаңа белестер, толайым табыстар мен биік мәртебе алып келсін! – деді Нұралхан Көшеров.


«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында іс-шарада қоғамның түрлі саласында еңбек етіп келе жатқан еңбеккерлердің бірқатарына мемлекеттік наградалар табысталды. Елдің әлеуметтік-экономикалық және өнеркәсіптік дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен «Кентау трансформатор зауыты» АҚ операторы Сәбит Абубакиров, Созақ ауданының кәсіпкері Жандарбек Бөрібеков, Түркістан қаласының еңбек ардагері Гүлжан Мейірбекова, Ордабасы ауданындағы «Kaz Kioti» ЖШС слесарі Абдулла Тателбеков марапатталды. «Үлгілі ауыл» облыстық байқауының жеңімпаздары анықталып, Кентау қаласы, Байылдыр ауылы бас жүлде иегері атанды. І орынды Сарыағаш ауданы, Қызылжар ауылы жеңіп алса, ІІ орынды Төлеби ауданы, Мәдени ауылы алды. Созақ ауданы, Жуантөбе ауылы ІІІ орыннан көрінді.


Марапатталғандардың қатарында «Жылдың үздік инвесторы», «Жылдың үздік экспорттаушысы», «Жылдың үздік құрылыс мекемесі», «Жылдың үздік мектебі», «Жылдың үздік кәсіпкері», «Жылдың үздік композиторы», «Жылдың үздік энергетигі», «Жылдың үздік тәрбиешісі» сияқты түрлі мекемелер мен сала мамандары бар.


Сонымен қатар облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов түрлі номинациялар бойынша үздік еңбек адамдарын марапаттады. Олардың қатарында дәрігер, мейірбике, шекарашы, экономист, баспасөз қызметі, жас белсенді, ерікті, коммуналдық шаруашылық қызметкері, орманшы, көркемөнерпаздар ұжымы, өнерпаздар, қаламгер, суретші, кітапханашы, жаттықтырушы, спортшы, архивист, әлеуметтік қызметкер, мал дәрігері, құрылысшы, жол құрылыс мекемесі бар.


Түркістан облысы қарқынды дамып келе жатқан өңір. Облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 20 индустриалды және «Turan» арнайы экономикалық аймақтары құрылған. Индустриалды аймақтарда 39 млрд. теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске қосылды. «Turan» арнайы экономикалық аймағында 223 млрд. теңгеге 20 ірі жоба жүзеге асырылуда. Өзбекстан Республикасымен шекаралас Мақтаарал ауданында 100 гектар аумақта «Орталық Азия халықаралық кооперация орталығы» құрылды. Отандық өндірісті кеңейту мақсатында облыстың барлық аудандарында «Шағын өндірістік парк» жобасы іске асырылуда. Жоба шеңберінде 248 өндірістік ғимарат салынып, 5 мыңға жуық жұмыс орны ашылады.


Облыста ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы өңір. Заманауи технологияны қолдану арқылы, салада терең қайта өңдеуді дамытуға басымдық берілуде. Облыстың ерекшелігін ескере отырып, 3 кластерлік бағытты дамыту қолға алынды. Ауыл шаруашылығы саласында атқарылған шаралар өз жемісін көрсетуде. 11 ай қорытындысымен 1,2 трлн. теңгеге өнім өндіріліп, өсім 101,2 пайызды құрады. Жалпы ауыл шаруашылығының өнім көлемі бойынша Түркістан облысы республикада алғашқы орында.


Облыста қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Осы жылдың 11 айында өңір экономикасына 1,4 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 123%-ды құрады. Жыл басынан 132 мың жұмыс орны құрылды. Жалпы аталған жұмыстардың нәтижесінде 11 ай қорытындысымен 114,4 пайыз экономикалық өсімге қол жеткізілді.


Марапаттау рәсімі концерттік бағдарламаға ұласты. Елге танымал әншілер мен өңірдің өнерпаздары әннен шашу шашып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Бөлісу