Жаттықтырушылары қаржылай және қосымша сый-сияпаттармен, алғыс хатпен марапатталды.
Түркістанда жылдың үздік ауыр атлеттері марапатталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының ауыр атлетика федерациясы 2025 жылдың қорытынды есептік кеңесін өткізді. Жиынға федерация президенті Алмасхан Жамбаев, вице-президенттер Шынболат Райханов, Нұрбол Пайызов, Самат Ергешбаев және жаттықтырушылар мен спортшылар қатысты.
Жиын барысында жиын барысында облыстың ересек спортшыларына жаңа аға жаттықтырушы Әділ Айтжанов таныстырылды. Ол осы салада 15 жылдық тәжірибесі бар маман. Жалпы, келер жылғы жоспарлардың күнтізбелік кестеге сай жүзеге асырылуы, ел ішіндегі чемпионаттармен қатар, балалардың спорттық дене бітімі, жағдайының қалыпты болуы, жарыстарда бәсекеге қабілетті болуы - басты назарда болатыны айтылды.
Жалпы осы уақыт ішінде федерация тарапынан Түркістан құрамасының арнайы спорттық киім үлгілері, имидждік бейнеролик, жаңа логотипі жасалды. Сонымен қатар оқу-жаттығу жиындарына жіберіліп, қажетті дәрумендермен қамтылды. Әлем чемпиондарының шеберлік оқу-жаттығулары өтті. Одан өзге, федерация демеушілігімен Келес ауданында ауыр атлетика залын ашу жұмыстары жүруде. Келер жылы ҚР Чемпионатын өткізу және халық ойындары құрамында ауыр атлетика спорт түрін өткізу арқылы өңірдің спорттық мүмкіндігін дамыту мәселесі жүзеге асырылмақ.
Жиын соңында жыл ішінде табандылық танытып, үздік нәтиже көрсеткен спортшылар мен олардың жаттықтырушылары қаржылай және қосымша сый-сияпаттармен, алғыс хатпен марапатталды. Федерация мүшелері спортшылар үшін келер жыл жеңісті жыл болатынына сенім білдіріп, келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтады.


