Түркістанда Рухани келісім күніне орай жиын өтті

0
178

Рухани жүздесуде ел бірлігін сақтау, дінаралық қарым-қатынастарды нығайту мәселелері талқыланды.


Түркістанда Рухани келісім күніне орай жиын өтті

Түркістанда 18 қазан – Рухани келісім күні мерекесіне орай облыстағы діни конфессия басшыларының қатысуымен кездесу өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жиынға Түркістан облыстық дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы жетекшілік жасап, жүргізіп отырды. Ол өңірдегі діни конфессиялардың өзара ынтымақ-бірлігі мен қоғамдағы рөлін сөз етті. Рухани жүздесуде ел бірлігін сақтау, дінаралық қарым-қатынастарды нығайту мәселелері талқыланды.


Кездесу барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Ержан Төлепов, Шымкент және Түркістан епархиясының «Шіркеудің қоғаммен байланыс» жөніндегі бөлімінің басшысы Александр Могилевский, «Орыс православиелік шіркеуінің Мәскеу Патриархаты Шымкент епархиясының Свято-Никольский приходы» жергілікті православиелік діни бірлестігінің жетекшісі Алексей Лазутин Анатольевич және басқа да дін өкілдері сөз сөйлеп, пікір білдірді.


Кездесу соңында діни конфессиялар жетекшілеріне мерекеге орай алғыс хаттар мен сыйлықтар берілді.


Айта кетейік, 1992 жылғы 18 қазан күні Алматы қаласында Бүкіләлемдік Рухани келісім конгресінің 1-сессиясы өтті. Конгреске қатысушылар қазанның 18-ін рухани келісім күні – қақтығыстар мен жанжалдарға шектеу қою, татулыққа талпыну, жақын адамдарға қайырымдылық пен жәрдем жасау күні деп жариялауға шақырған манифест қабылдады. Содан бері жыл сайын біздің елімізде 18 қазан – «Рухани келісім күні» мемлекеттік деңгейде аталып өтуде. Жалпы жыл сайын облыс көлемінде «Рухани келісім күні» жоғары деңгейде өтеді.

Бөлісу