Өзекті мәселелер бойынша жауапты сала жетекшілеріне жұмысты күшейту туралы тапсырмалар берілді.
Түркістанда облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен өңірдегі қоғамдық-саяси ахуалдың жай-күйі талқыланған жиын өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Басқосуда Мемлекет басшысының Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру, сондай-ақ өңірдегі өзекті мәселелерді шешу жолдары қаралды. Мәжіліске құқық қорғау органдарының өкілдері, жауапты басқарма басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары селекторлық режимде қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы Президенттің халыққа арнаған Жолдауындағы тапсырмасын жүзеге асыру басты міндет екенін атап өтіп, жауаптыларға өз міндеттерін сапалы атқаруды тапсырды.
– Бүгін өзекті мәселелер талқыланып отыр. Ел бірлігін сақтау, тұрақтылықты нығайту бағытындағы жұмыстар тоқтамауы қажет. Өңірдегі түйткілді мәселелерді уақтылы шешу де басты назарда болуы тиіс. Әр басшы өзі жауапты саланы терең зерттеп, сапалы жұмыс атқарсын. Халықпен тығыз байланыс орнатып, олардың мұң-мұқтажына бей-жай қарауға болмайды, – деді ол.
Мәжілісте Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жанәділ Айтбеков, Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Күміскүл Мирова маңызды мәселелер бойынша баяндама жасап, оларды шешу жолдарын ұсынды.
Өз кезегінде Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Алдияр Қозыбаев аудандағы ахуал мен туындаған мәселелер жөнінде есеп берді.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары өзекті мәселелер бойынша жауапты сала жетекшілеріне жұмысты күшейту туралы тапсырмалар берді.