Түркістанда қазақ-өзбек бірлескен жұмыс топтарының отырыстары өтті

0
84

Биыл «Достық» каналын механикалық тазалау және бас құрылысжайларын жөндеу жұмыстары жалғасын табады.


Түркістанда қазақ-өзбек бірлескен жұмыс топтарының отырыстары өтті

Сырдария өзенінде автоматтандырылған гидробекеттер орнату, мемлекетаралық каналдарды жөндеу және су үнемдеу бойынша тәжірибе алмасу аясында Түркістанда қазақ-өзбек бірлескен жұмыс топтарының отырыстары өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы су қатынастарының барлық бағыты бойынша екіжақты ынтымақтастықты тереңдету бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін бірлескен жұмыс тобының XIII отырысы, сондай-ақ Орталық Азияда өзара тиімді әрі орнықты су-энергетикалық ынтымақтастық тетігін әзірлеу жөніндегі күш-жігерді үйлестіруге бағытталған қазақ-өзбек бірлескен жұмыс тобының II отырысы өтті.


Отырыстарға ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев және Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.


Тараптар екіжақты су және су-энергетикалық ынтымақтастық салаларындағы негізгі мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, «Достық» мемлекетаралық каналын тазалау және жөндеу жұмыстары қаралды. Былтыр Қазақстан тарапы каналдың учаскелерінде, еңістерінде, коллекторларында және бас құрылысжайларында механикалық тазалау жұмыстарын жүргізді.


Сонымен қатар нысанның бас және бөгейтін құрылысжайларындағы қақпаларға жөндеу жұмыстары жасалды. Биыл «Достық» каналын механикалық тазалау және бас құрылысжайларын жөндеу жұмыстары жалғасын табады.


Тараптар сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізу және пайдалану саласында тәжірибе алмасуға келісті. Бұдан бөлек, Сырдария өзенінде он автоматтандырылған гидробекет орнату жобасын іске асыруды бастау жоспарланып отыр. Әр мемлекет аумағында бес-бестен нысан салынады.


Германияның Халықаралық ынтымақтастық қоғамының (GIZ) қолдауымен әзірленген бұл жоба трансшекаралық суды бөлудің ашықтығы мен дәлдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі уақытта GIZ осы жоба бойынша техникалық тапсырманы әзірлеуді аяқтады.

«Былтыр екі мемлекеттің басшыларының қатысуымен біз трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы үкіметаралық келісімге қол қойдық. Бұл құжат көпжылдық жұмыстың нәтижесі болды, соның арқасында трансшекаралық суды басқарудың келісілген тәсілдерін әзірлеу мүмкін болды. Сондықтан бұл келісімнің қабылдануы тарихи маңызға ие оқиға болды. Келісім Орталық Азиядағы су дипломатиясын дамытуға елеулі үлес қосады және болашақтағы өзара тиімді ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын нақты айқындайды. Біз екіжақты әріптестікті тату көршілік, өзара құрмет және сындарлы диалог рухында одан әрі дамытуға ниеттіміз», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.


Министр сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру және Орталық Азия елдерінің су пайдалану жөніндегі Негіздемелік конвенциясын әзірлеу туралы бастамаларын атап өтіп, олардың өңірлік су ынтымақтастығын ұзақ мерзімді тұрғыда дамыту үшін ерекше маңызды екенін жеткізді.


Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кеңейтілген отырысқа шығарылып отырған мәселелер мен ұсыныстар алдағы уақытта өз шешімін тауып, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.


– Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы дамыған ірі аграрлық өңір. Облыстағы суармалы жерлердің жалпы көлемі 575 мың гектарды құрайды, бұл республикадағы барлық суармалы жерлердің төрттен біріне тең. Осыған байланысты суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесі өңіріміз үшін айрықша маңызды. Екі ел арасындағы трансшекаралық су ресурстары өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына, ауыл шаруашылығының өркендеуіне және халықтың тұрмыс деңгейіне тікелей әсер етеді. «Достық» магистральдық каналы арқылы облыстың оңтүстік аудандары 140 мың гектар алқапта сумен қамтамасыз етіледі. Вегетациялық кезеңде каналдар арқылы қажетті су көлемінің тұрақты әрі уақтылы берілуі өңірдің ауыл шаруашылығы үшін шешуші маңызға ие. Облыс аумағында агроөнеркәсіптік кешен саласында ауқымды жобалар іске асырылуда, егіс алқаптарын әртараптандыру және су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша нақты шаралар қабылдануда, – деді Нұралхан Көшеров.


Сонымен қатар облыс әкімі Сайрам ауданында қуаты 1000 МВт-ты құрайтын бу-газ қондырғысы базасында электр станцияның құрылысы жүріп жатқанын атап өтіп, осы бағытта ауқымды жобалар қолға алынғанын жеткізді.

Бөлісу