Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынасты нығайту, өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері жан-жақты талқыланды.
Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторлармен мұздатқыш шығаратын зауыт ашу бойынша келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында шетелдік инвесторлар тарту арқылы кәсіпорындар ашу, жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы бірлескен жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта облыс әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік кәсіпкер Сун Чунмин және «Turan Shenhua» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Рысбековпен кездесті. Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынасты нығайту, өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері жан-жақты талқыланды. Бұған дейін Кентау қаласының арнайы экономикалық аймағында газ қазандықтарын шығаратын зауытты сәтті іске қосқан инвесторлар облыста мұздатқыш шығаратын зауыт ашуға қызығушылық танытып, нақты жобаларын ұсынды.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, ұсыныстарға ашық екенін жеткізді.
– Қазіргі уақытта Түркістан облысы еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі және үлкен инвестициялық әлеуетке ие. Біздің өңір – Орталық Азиядағы бизнесті кеңейтудің жаңа көкжиегі. Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Облыста инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелерін ұсынатын индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктер бар. Сондай-ақ терең өңдеу өндірісін ұйымдастыру үшін инвесторларды салықтардан, кедендік төлемдерден босататын «Turan» арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Біз өз тарапымыздан шетелдік компаниялардың бизнесті дамыту жөніндегі бастамаларына толық қолдау көрсетуге дайынбыз және ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімге жалғасады деп сенемін, – деді облыс басшысы.
Инвесторлар Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға алғысын білдіріп, кезекті жобаны қолға алуға дайын екенін жеткізді. Алдағы уақытта өнім көлемін арттыруды, сондай-ақ мұздатқыштан бөлек, тұрмыстық техника түрлерін шығаруды жоспарлап отырғанын айтты.
Компания мұздатқыш шығару жобасын жүзеге асыруға 5,5 млрд. теңге инвестиция салуға дайын. «TURAN Shenhua» компаниясы жұмыстарды 2026 жылы бастауды көздеп отыр. Өндіріс орны толық іске қосылғанда 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жоба қуаттылығы жылына – 250 мың дана. Зауытты Кентау қаласында салу жоспарлануда.
Келіссөздер нәтижесінде тараптар өнеркәсіп және өндіріс салаларында ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екендерін білдіріп, бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша жұмыс істеуге уағдаласты.


