Түркістанда ескек есуден 15 ірі жарыс өтеді

0
112

2026 жылға арналған жарыстардың күнтізбелік жоспары талқыланып, ресми түрде бекітілді.


Түркістанда ескек есуден 15 ірі жарыс өтеді

Түркістанда ескек есуден Қазақстанның – 11, Азияның 3 чемпионаты және триатлоннан Азия кубогы өтеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Астанадағы Ж.Үшкемпіров атындағы спорт сарайында ескек есу спорт түрлері бойынша Қазақстанның «Қайық» федерациясы басшылығының, облыстардың жаттықтырушылар құрамының қатысуымен республикалық жаттықтырушылар кеңесі өтті. Жиында 2026 жылға арналған жарыстардың күнтізбелік жоспары талқыланып, ресми түрде бекітілді.


Кеңес жұмысына Түркістан облыстық су спорты мектебінің директоры Денис Жарменов те қатысып, өңір спортының дамуына қатысты ұсыныстарын білдірді.


Мемлекеттік жаттықтырушы Даулет Сұлтанбеков кеңес барысында маңызды жаңалықты хабарлады. Оның айтуынша, 2026 жылы академиялық есу бойынша ел біріншілігінің алты чемпионатының төртеуі – сәуір, маусым, шілде және қыркүйек айларында Түркістан қаласындағы Олимпиадалық стандартқа сай есу арнасында өтеді.


Сонымен қатар 2026 жылы Түркістан есу каналында байдарка және каноэ есуден бес негізгі Қазақстан чемпионаты (наурыз, сәуір, мамыр, маусым және қыркүйек айларында), сондай-ақ параканоэ бойынша Қазақстан чемпионаты (қыркүйек) ұйымдастырылады.


Ал 2026 жылдың 4-7 маусым күндері Түркістан алғаш рет байдарка және каноэда есуден U18 және U23 жас санаттары арасындағы Азия чемпионатын, сондай-ақ параканоэ бойынша Азия чемпионатын қабылдайды. Бұл – ел тарихында тұңғыш рет өтетін бірегей спорттық оқиғалар.


Триатлон федерациясы да 2026 жылға жоспарланған жарыстар тізіміне Түркістанды енгізіп отыр. Мамыр айында Қазақстан чемпионаты, ал тамызда Азия кубогы Түркістан есу арнасында өтеді.


Қорытындылай келе, 2026 жылы Түркістан есу каналы Қазақстанның 11 чемпионатын, Азияның 2 чемпионатын (U18/U23), параканоэ чемпионатын, Азия кубогын қабылдайды.

Бөлісу