Қазіргі таңда нысанның құрылысы аяқталуға жақын.
Түркістан облысында жеке инвесторларды тарту арқылы қолдау тапқан Бекзат Саттарханов атындағы балалар футбол мектебінің құрылысы қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде футболды дамытуға баса мән беріп, жаңа стадиондар салуға және футбол алаңдарын жаңғыртуға демеушілерді де тартуды тапсырған болатын. Осы бағытта Түркістан облысында жеке инвесторларды тарту арқылы қолдау тапқан Бекзат Саттарханов атындағы балалар футбол мектебінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда нысанның құрылысы аяқталуға жақын.
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев салынып жатқан футбол мектебінің ғимаратында болып, жауаптыларға бірқатар тапсырмалар берді. Ол өз сөзінде Ел Президенті спортты насихаттау, оны әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында дәріптеу – ұлт саулығының кепілі екенін айтып, соңғы жылдары облыста балалар спорты қарқынды дамып жатқанына тоқталды. Футбол мектебінің құрылысын сапалы әрі мерзімінде аяқтау қажеттігін айтып, осы бастаманы қолға алған азаматтарға сәттілік тіледі. Спортты дамыту бағытындағы жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында екенін жеткізді.
Спорт мектебі балалар футболын дамытуға, жергілікті іріктелген талантты футболшылардың үлкен аренаға шығып, өз қабілеттерін көрсетуіне мүмкіндік береді. Жаңа орталық балалар мен жасөспірімдер арасында футболды кеңінен насихаттап, болашақ кәсіби спортшыларды тәрбиелеуге бағытталған.
Спорт кешенінің жалпы ауданы – 6 мың шаршы метр, 3 гектар аумақта орналасқан. Бүгінде 68×120 метрлік ашық футбол алаңының құрылысы аяқталуға жақын. 200 орынға арналған жатақхана мен 550 адамға лайықталған оқу ғимаратының құрылысы толық аяқталған. Алдағы уақытта қосымша ашық алаң мен спорт кешенін салу жоспарланып отыр.


