Қазіргі таңда 2 станция жұмыс істеп тұрса, жыл соңына дейін қосымша екеуі іске қосылады.
Түркістан облысында жүк көліктеріне арналған 7 дана автоматтандырылған өлшеу станциялары орнатылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында ауыр салмақты жүк көліктерінің жүк арту талабын сақтау мақсатында бірқатар ауқымды шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, облыс аймағында 7 дана автоматтандырылған өлшеу станцияларын (АӨС) орнатылады. Қазіргі таңда 2 станция жұмыс істеп тұрса, жыл соңына дейін қосымша екеуі іске қосылады. Бұл жайында Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.
«Бүгінгі таңда ауыр жүк тасымалдаушылар тарапынан 1 045 құқықбұзушылық анықталып, 524 млн теңге айыппұл салынған. Оның қазіргі таңда 125,1 млн теңгесі өндірілді. Жуырда ғана облыс әкімдігінің қабылдау бөлімінде ауыр жүк тасымалдаушылар өкілдерін қабылдау өтті. Онда жүргізушілер өздерін алаңдатқан сауалдарын қойып, тұщымды жауаптар алды. Айта кетейік, автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату, жүк көліктерінің белгіленген салмақтан артық жүк артпай тәртіп сақтауы - жолдардың жақсы қалыпта сақталуына сеп болмақ»- деді Қуатжан Әзімбайұлы.
Сондай-ақ, брифингке қатысқан “Түркістан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы" РММ басшысы Ербол Ахметов жүк көліктерге қойылатын талаптарға тоқталды.
«Қазіргі уақытта Арыс қаласына қарасты облыстық маңызы бар КХ-8 және КХ-92 автомобиль жолдарына автоматтандырылған өлшеу станциялары жұмыс істеп тұр. Жалпы жүк көліктеріне бірқатар талаптар қойылған. Нақтырақ айтар болсақ, 1 осьтік жүк көліктеріне - 10 тонна, 2 осьтікке - 18 тонна, 3 осьтікке - 20 тонна және тіркемесі бар жүк көліктерге - 50 тоннаға дейін жүк артуға рұқсат етіледі. Талаптар сақталмаған жағдайда айыппұл салынады»- деді спикер.