ТҮРКІСТАН: Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары күшейтілді

0
62

Көктайғақтан сақтау үшін 9 751 текше метр құм және 3 125 тонна тұз қоспасы себілді.


ТҮРКІСТАН: Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары күшейтілді

Түркістан облысында қысқы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары күшейтілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында қыс мезгілінде автомобиль жолдарын қалыпты жағдайда ұстау, қарды уақтылы тазалау және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта автомобиль жолдарын күтіп-ұстау жұмыстары күшейтілген режимде жалғасуда. Сонымен қатар жағдайды жедел бақылау және үйлестіру мақсатында жедел штаб құрылып, тәулік бойы жұмыс атқаруда. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде баяндалды.


Облыс әкімі жауапты тұлғаларға жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма жүктеді.


– Қыс мезгілінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Барлық жауапты мекемелер үйлесімді жұмыс атқарып, тұрғындардың қауіпсіз әрі кедергісіз қозғалуына жағдай жасауы тиіс. Жұмыстарды күшейтіңіздер. Техника, инертті материалдар мен қызметкерлер дайындықта болсын. Олқылыққа жол берген басшылардың жауапкершілігі қаралады. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауымда болады, – деді Нұралхан Оралбайұлы.


Жиын барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың атқарылып жатқан жұмыстар туралы есебі тыңдалды. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалы, облыстық маңызы бар жолдарда Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қарасты «Оңтүстік жолдары» МКК, ал аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекен көшелерінде аудан, қала әкімдіктері тарапынан тұрақты жұмыстар жүргізілуде.


2026 жылдың 21-23 қаңтар аралығында облыс аумағында ауа райының күрт нашарлауына байланысты қар және қар аралас жаңбыр жауып, жол жағдайы қиындады. Осыған орай, жолдарды күтіп-ұстауға жауапты мекемелер тарапынан күшейтілген режимде жедел іс-шаралар ұйымдастырылды. Қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету мақсатында 221 дана арнайы техника мен 1 177 жұмысшы жұмылдырылып, облыс аумағындағы 11 692 шақырым автомобиль жолы қардан тазартылды. Сонымен қатар көктайғақтан сақтау үшін 9 751 текше метр құм және 3 125 тонна тұз қоспасы себілді. Жұмыстардың тиімділігін арттыру мақсатында арнайы техника мен жұмысшы күші мобилизациялық қағидат негізінде ұйымдастырылып, қажеттілікке қарай бір ауданнан екінші ауданға жедел түрде ауыстырылып, өзара көмек көрсету тәртібімен жұмыс атқаруда.


Облыс аумағындағы барлық автомобиль жолдарының жағдайы тұрақты бақылауға алынған. Одан бөлек, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елді мекендер мен жергілікті маңызы бар автомобиль жолдардың бойын қоқыстан тазарту жұмыстары да жалғасуда. Қысқы кезең бойы облыс аумағындағы жолдардың жағдайы тұрақты бақылауда болып, ауа райының қолайсыздығына байланысты қажетті шаралар жедел түрде қабылданатын болады.


Сонымен қатар аппарат мәжілісінде өңірде жылыту маусымының өту барысы туралы баяндалды. 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымында қазандықтар температуралық кестеге сәйкес штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Жылу беру тұрақты түрде қамтамасыз етілуде.


Облыс бойынша көмір отынының қажеттілігі 580,4 мың тоннаны құраса, қамтылғаны – 573,5 мың тонна, яғни 98%. Оның ішінде, бюджеттік мекемелер мен жеке тұрғын үйлер 100% қамтылса, жылыжайлар 97% қамтылған. Аудандар мен қалалардың теміржол тұйықтарында 65 мың тонна көмір қоры жинақталған. Жылыту маусымының өту барысы облыстық штабтың тұрақты бақылауында.

Бөлісу