ТҮРКІСТАН: Жетісайда автогаз бекеттеріндегі қауіпсіздік шаралары күшейтіліп жатыр

0
78

Тиісті мекемелер тарапынан тұрақты бақылауда болады.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда автогаз бекеттеріндегі қауіпсіздік шаралары күшейтіліп жатыр

Жетісай ауданында сұйытылған автогаз құю бекеттеріндегі қауіпсіздік шаралары күшейтілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес Жетісай ауданында сұйытылған автогаз құю бекеттеріндегі қауіпсіздік талаптарын сақтау және тұрғындарға газ баллондарын тұрмыста қауіпсіз пайдалану ережелерін түсіндіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жан-жақты талқыланған мәжіліс өтті. Аудан әкімі Серік Мамытовтың төрағалығымен өткен басқосуда аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Баймахан Бахарам баяндама жасап, сұйытылған газды сақтау, тасымалдау және пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптары, сондай-ақ орын алуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелері бойынша кең көлемде ақпарат берді. Газ баллондарын дұрыс пайдаланбау салдарынан туындайтын қауіп-қатерлерге тоқталып, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін атап өтті.


Соңғы уақытта газ баллондарын тұрмыста талапқа сай емес пайдалану салдарынан орын алып жатқан келеңсіз жағдайлардың алдын алу, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және жауапты мекемелердің міндеттерін нақтылау мәселелерін көтерген аудан басшысы халықтың өмірі мен қауіпсіздігі – басты назарда болуы тиіс екенін айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі әрі тұрақты түрде жүргізу қажеттігін қатаң ескертті. Автогаз құю бекеттерінде қауіпсіздік техникасының талаптарын сақтау, қызметкерлердің кәсіби даярлығы, міндетті нұсқаулықтан уақтылы өтуі, өртке қарсы құралдардың жарамдылығы және техникалық жабдықтардың тұрақты тексерістен өтуі жөнінде нақты тапсырмалар берді.


Сондай-ақ мамандар қолданыстағы заңнама талаптары мен техникалық регламенттерге тоқталып, қауіпсіздік талаптарын бұзған тұлғаларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 306-бабына сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын, айыппұл салынатынын ескертті.


Жиын соңында автогаз құю бекеттерінің басшылары мен операторларына, жауапты сала басшыларына қауіпсіздік талаптарын мүлтіксіз орындауды, тұрғындармен кері байланысты нығайтуды және алдын алу шараларын үздіксіз жүргізуді тапсырған аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да тиісті мекемелер тарапынан тұрақты бақылауда болатынын айтты.

Бөлісу