ТҮРКІСТАН: Жетісайда 1 гектар жерге тұқымбақ ұйымдастырылды

0
44

Күтіп-баптау жұмыстары мекеме қызметкерлерінің өз күшімен жүргізілуде.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда 1 гектар жерге тұқымбақ ұйымдастырылды

Жетісай ауданында 1 гектар жерге тұқымбақ ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес Жетісай ауданында көгалдандыру және экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында 1 гектар жерге тұқымбақ ұйымдастырылды. «Жетісай қызмет» мекемесінің теңгеріміндегі аталмыш тұқымбақта бүгінде көшет егу және оларды күтіп-баптау жұмыстары мекеме қызметкерлерінің өз күшімен жүргізілуде.


Тұқымбақта емен, айлант, үйеңкі, катальпа және акация, көк терек, ақ терек, мырза терек, ива, келінтал мен жиде секілді әртүрлі ағаш пен сәндік көшеттердің 65 мыңға жуық данасы дәнмен, қаламсаппен отырғызылып, олардың өсуіне қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінуде.


Алдағы уақытта аудан аумағын көгалдандыруға қажетті сапалы көшеттермен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тұқымбақтың жұмысымен арнайы танысқан аудан әкімі Серік Мамытов егілген көшеттердің жай-күйін көрді. Атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, тұқымбақты тиімді пайдалану, көшеттердің сапасын арттыру және оларды сақтау мәселелеріне баса назар аудару қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ бұл бастаманың ауданның экологиялық жағдайын жақсартуда және жасыл желек көлемін арттыруда маңызы зор екендігін айтты.


Алдағы уақытта тұқымбақта өсірілген көшеттер аудан көшелеріне, әлеуметтік нысандар аумағына және қоғамдық орындарға отырғызылады. Бұл өз кезегінде ауданның көркін арттырып, тұрғындар үшін қолайлы әрі жайлы орта қалыптастыруға ықпал етпек.

Бөлісу