ТҮРКІСТАН: Жетісай ауданында волейболдан облыстық турнир өтті

0
117

2009-2010 жылы туылған қыздар арасында волейболдан облыстық турнир өтті.


ТҮРКІСТАН: Жетісай ауданында волейболдан облыстық турнир өтті

Жетісайда жасөспірім қыздар арасында волейболдан облыстық турнир өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жетісай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Жетісай спорт клубы» КММ мен Ислам Пірназаровтың шәкірттерінің ұйымдастыруымен Жетісай қаласында 2009-2010 жылы туылған қыздар арасында волейболдан облыстық турнир өтті.


Жарыстың салтанатты ашылуына Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Айдос Исмаилов пен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, «Жетісай спорт клубы» КММ директоры Таласхан Битуреев пен аудандық білім бөлімінің әдіскері Аязхан Елемесов, Ислам Тұрдыбайұлының туыстары мен шәкірттері қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.


Басты мақсаты – қоғамда ұрпақтар сабақтастығын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, жастар арасында волейбол спортына деген қызығушылықты арттырып, аға буын өкілдерінің ізін басқан жас спортшыларға тәжірибелерімен бөлісу, жастардың кәсіби біліктіліктерін арттыру, ұлағатты ұстаз Ислам Пірназаровты еске алу. Облыстық байрақты бәсекеге Түркістан облысының аудандары мен Шымкент қаласынан келген 13 командадан 180-ге жуық спортшы қатысып, бақтарын сынасты.


Ислам Пірназаров 1959 жылы дүниеге келген. 1984 жылдан бастап Жылы су ауылдық округіндегі М.Әуезов атындағы орта мектепте дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық пәндерінің мұғалімі болып өмірінің соңына дейін еңбек еткен. Ұстаздық ете жүріп оқушы қыздар арасында волейбол командасын құрып, аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда жүлдегер атанған.


– Биыл үшінші рет ұйымдастырылып отырған турнирді алдағы уақытта республикалық, халықаралық деңгейде өткізуді жоспарлап отырмыз. Себебі, жыл өткен сайын турнирге қатысуға ниет білдіруші командалардың саны артып, ойыншылардың кәсіби тұрғыдағы дайындықтары күшейіп отыр, – дейді ұйымдастырушылар.


Командалар арасында өзара тартысты өткен ойындар төрешілердің бекіткен ережесіне сай қорытындыланып, IV орынға «Мырзакент спорт клубы» командасы, жүлделі ІІІ орынға Түркістан қалалық №4 БЖСМ командасы табан тіресе, ІІ орын «Атакент» командасының бұрымдыларына бұйырды. Ал І орын Шымкент қаласының әуе доп шеберлерінің қанжығасына байланып, жасөспірім қыздар арасында өткен облыстың ашық біріншілігінде чемпион атанды.


Одан бөлек, жүлделі орынға ие болған командалар мен үздік ойын үлгісін көрсеткен жекелеген ойыншылар – Қарақат Бек «Үздік қорғаушы», Айзере Хамидулла «Үздік шабуылшы», Ұлжалғас Қожақай «Үздік доп ұзатушы», Елезавета Нам «Үздік ойыншы» номинацияларына ие болса, «Жетісай спорт клубы» жаттықтырушылары Ералы Муртазаев пен Батырхан Әбдіәшім «Үздік төреші» атанды.


Жарыс соңында жеңімпаздар мен үздіктер ұйымдастырушылардың қаржылай сыйлықтарымен, кубоктарымен, медальдарымен және дипломдарымен марапатталды.

Бөлісу