ТҮРКІСТАН: Жекеменшік мектептерді жаңа жүйемен қаржыландыру басталды

0
70

Енді төлемдер ҚР Қаржы министрлігінің «e-Qazyna» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі.


ТҮРКІСТАН: Жекеменшік мектептерді жаңа жүйемен қаржыландыру басталды

Түркістан облысында жекеменшік мектептерді жаңа жүйемен қаржыландыру басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы бойынша мемлекеттік тапсырыс алатын жалпы 157 жекеменшік мектеп бар. Аталған білім беру ұйымдары 2024-2025 оқу жылының соңына дейін «Қаржы орталығы» АҚ тарапынан қаржыландырылған.


Жекеменшік мектептерге жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесінде оқушыларды есепке алу мен қаржыландыру бойынша сәйкессіздіктер анықталды. Ұлттық білім беру дерекқорында мемлекет есебінен қаржыландырылатын оқу орнында тіркелген балалардың іс жүзінде басқа мектепте оқитыны белгілі болды. Түйіткілді мәселелерді шешу мақсатында елімізде жекеменшік мектептерді қаржыландыру бойынша жаңа пилоттық жоба іске қосылды. Енді төлемдер ҚР Қаржы министрлігінің «e-Qazyna» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі.


Өңірдегі 157 жекеменшік мектеп ҚР Қаржы министрлігінің «Ақпараттық есептеу орталығы» АҚ-ның «e-Qazyna» порталында тиісті құжаттарын жүктеп, келісімшарттар жасалды. Мәліметтер толық тексеріліп, «e-Qazyna» жүйесіне жүктелгеннен кейін көрсетілген қызметтердің орындалу актісі рәсімделіп, Қаржы орталығына жолдануда.


Бүгінде облыстағы 110 мектепке қаржы аударылды. Яғни, 25 мыңнан астам оқушыға және 4 мыңнан астам жекеменшік мектеп қызметкерлеріне ұсынылған құжаттарға сай төлем толық жүргізілді. Қалған жекеменшік мектептердің оқушылардың сабаққа қатысу көрсеткіштері мен олардың басқа білім беру ұйымдарына ауысу фактілері «BilimClass.kz» платформасы арқылы тексеріліп, жыл соңына дейін толық көлемде төленеді.


Қаржыландыру тек нақты оқып жүрген балаларға жүргізіледі. Барлық дерек расталған соң ғана төлемдер рәсімделеді. Ешбір жекеменшік мектеп назардан тыс қалмайды.

Бөлісу