Келер жылы респубикалық көлемде ұйымдастырылады деп жоспарлануда.
Түркістан облысында жастар саясатын дамытуға арналған үйлестіру кеңесі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында мемлекеттік жастар саясатын жандандыру және жастар ресурстық орталықтарының жұмысын үйлестіру мақсатында 2025 жылдың IV тоқсан қорытындысы бойынша үйлестіру кеңесі өтті.
«Достық» үйінде өткен басқосуға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Гүлісхан Нахбаева, аудан, қалалық жастар ресурстық орталықтарының басшылары қатысты.
Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары жастардың қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті.
– Бүгін біз еліміздің ерекше өңірінде – тарих пен мәдениеттің, рух пен өркениеттің түйіскен мекенінде жиналып отырмыз. Жастар – қоғамның қозғаушы күші ғана емес, өзгеріс пен дамудың басты кепілі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым жастарға зор сенім артып, елдің болашағы олардың қолында екенін атап өтеді. Бұл тек саяси ұстаным емес – мемлекетіміздің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайтын нақты бағдар. Осы сенімнің негізінде елімізде жастар саясаты жүйелі түрде дамып келеді. Бүгінгі таңда Қазақстанда 2029 жылға дейінгі Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатыр. Ол «жастар үшін емес, жастармен бірге» қағидатына сүйенеді. Бұл тәсіл әрбір жастың пікірін, бастамасын және өмірлік мақсатын ескере отырып, жастарды саясаттың тікелей серіктесіне айналдыруға бағытталған. Соңғы жылдары бұл бағытта айтарлықтай нәтижелер бар. Мемлекет жастардың азаматтық белсенділігін, кәсіби және шығармашылық әлеуетін арттыруға зор мән беріп отыр, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Кеңесте Түркістан облысында мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асыру барысында бірқатар маңызды мәселелер сараланып, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жандандыру айтылды. Сонымен қатар ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.
Үйлестіру кеңесін облыстық қоғамдық даму басқарма басшысының міндетін атқарушы Болат Жанәбіл жүргізді. Жиын барысында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы Жастар ресурстық орталығының басшысы Ернар Бектаев мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асу барысы бойынша баяндама жасады. Ол өңірде жыл бойы атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Гүлісхан Сайфулинқызы жастар саясатын тиімді іске асыру, оны заман талабына сай жандандыру – басты мақсат екенін атап өтіп, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда үздік нәтиже көрсеткен аудан және қала жастарының көшбасшыларын марапаттады.
Айта кетсек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста жастармен жұмыс жүргізу бағытында бірқатар іс-шаралар атқарылды. Жастардың жұмыспен қамтылуы, кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, еріктілік қозғалысын дамыту, құқықтық және психологиялық кеңес беру бағыттарында жұмыстар жүргізілді. Атап айтар болсақ, облысымызда мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында 7 мыңнан аса іс-шара өткізілді. Осы жылы жұмыссыз жастар мен NEET жастардың үлесін азайту мақсатында 7 мемлекеттік бағдарлама аясында 50 мыңнан аса жас жұмыс және оқу гранттарымен қамтылды. Ал NEET санатындағы жастар көрсеткіші 2023 жылдың қорытындысы бойынша 10,4%-ға, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 6,4%-ға, 2025 жылдың қорытындысымен 4,5% - ға төмендеді. Сонымен қатар 2026 жылдың жұмыс жоспарына сәйкес, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің 2 жобасы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан қолдау тауып, келер жылы респубикалық көлемде ұйымдастырылады деп жоспарлануда.
Сондай-ақ ертең Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 34 жылдығына арналған «34/1» форматындағы шахмат ойыны өтеді. Бұл шара жастардың интеллектуалдық әлеуетін арттыру мен рухани байланысын нығайтуға бағытталған.


