ТҮРКІСТАН: «Жасанды интеллект дәуірінде медиа және бейбітшілік журналистикасы» атты дөңгелек үстел басталды

0
82

Басты мақсат – медианың, этиканың және жасанды интеллекттің өзара байланысын бейбітшілік журналистикасы тұрғысынан талқылау, ақпарат кеңістігінде жауапкершілік пен адамгершілік құндылықтарын нығайту жолдарын айқындау.


ТҮРКІСТАН: «Жасанды интеллект дәуірінде медиа және бейбітшілік журналистикасы» атты дөңгелек үстел басталды

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Жасанды интеллект дәуірінде медиа және бейбітшілік журналистикасы» атты дөңгелек үстел басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Ауқымды шараны Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қуандықұлы Қыдырәлінің бастамасымен, Қожа Ахмет Ясауи университеті, Мұсылман ақсақалдар кеңесі, Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы бірлесе ұйымдастырды.


Басты мақсат – медианың, этиканың және жасанды интеллекттің өзара байланысын бейбітшілік журналистикасы тұрғысынан талқылау, ақпарат кеңістігінде жауапкершілік пен адамгершілік құндылықтарын нығайту жолдарын айқындау.


Жиынды ашып беру үшін сөз тізгінін алған ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Өкілетті Кеңес мүшесі Дархан Қыдырәлі ҚР Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқып берді.


– Бұл шара Парламент Сенатының қамқорлығымен өтіп жатыр. Алғашқы іс-шараны Түркістанда бастағанымыздың өзіндік мәні бар. Себебі, ізгілік тілі мен діні – Ясауидің тілі, бейбітшілік пен татулықтың тілі – Түркістаннан бастау алады. Сондай-ақ іс-шарамыз БҰҰ-ның зорлық-зомбылыққа қарсы онкүндігі аясында өтуде. Өздеріңіз білетіндей, бұл шара елімізде де бастау алды. Жалпы, бейбітшілік журналистикасы дегеніміз тек қана соғыс журналистикасы емес. Ол – қоғамдағы әлеуметтік мәселеден бастап, отбасындағы зорлық-зомбылық пен қоғамдағы кез келген шиеленіскен жағдайларға бейбіт жолмен, ізгілікке шақыру. «Жасанды интеллект дәуірі» деп тақырып қойған себебіміз – қазір әлемде адамдардыңжаңалықтарды жасанды интеллект қолдану арқылы қай арнаға бұратынын мамандар да тұспалдай алмай отыр. Агрессия мен эмоцияға, шындыққа жанаспайтын айыптаулар пен ақпараттарға мұқият болуымыз керек. Бұл бейбітшілік журналистикасының міндеттерінің бірі болмақ. Сондықтан, бүгінгі жиынға сәттілік тілеймін. Айтулы бастамамыз Алматы мен Астана қалаларында да жалғасады деп ойлаймын, – деді Дархан Қыдырәлі.


Ал, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев:


«Қазіргі таңда ақпарат ағыны бұрынғыдан да жылдам өзгеріп, қоғамдағы пікір қалыптастырудың негізгі құралына айналды. Бұл үрдісте жасанды интеллекттің ықпалы күн сайын артып, медианың құрылымы мен жұмыс істеу форматын түбегейлі өзгертіп келеді. Облысымыздағы іргелі оқу орны Қожа Ахмет Ясауи университеті жасанды интеллект саласын дамыту арқылы өңірдегі ғылыми-техникалық прогресс пен жоғары технологиялы мамандар даярлау ісінде маңызды рөл атқарып отыр.Университет жанындағы журналистика кафедрасы кәсіби мамандар даярлаумен қатар, ақпараттық кеңістіктің сапасын арттыруға бағытталған ғылыми-зерттеу, әдістемелік және тәрбиелік жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді», – деді.


Жиын барысында университет ректоры ЖанарТемірбекова бүгінгі іс-шараны өткізу үлкен бақыт екенін айтып,осы бастаманы көтерген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәліге ерекше алғысын білдірді. Сөз кезегін алған университет ректорының өкілі, м.а. Нажи Генч те осындай маңызы жоғары іс-шараның университетте өтіп жатқанына қуанышты екенін білдіріп, жасанды интеллект дәуірінде бейбітшілік журналистикасы мен медианың рөлі ерекше екенін атап өтті.


Жиын соңындаМұсылман ақсақалдар кеңесі Орталық Азия кеңсесінің басшысыАбдунаим Сейдмұхаммед те өзінің ыстық ықыласы мен жиынның тақырыптық мәнін саралап, жеткізді.


Дөңгелек үстелдің ашылу рәсімі одан әрі сессиялық отырысқа ұласты. Қатысушылар «Жасанды интеллект дәуіріндегі медианың бейбітшілік миссиясы: жауапкершілік және этика» және«Қоғамдық қатынастардағы бейбітшілік тілі» тақырыптары аясында ой-пікірін бөліседі.

Бөлісу