ТҮРКІСТАН: Жас мемлекеттік қызметшілер форумында адалдық пен отаншылдық дәріптелді

0
80

Жиын жас мемлекеттік қызметшілерге арналған өте әсерлі қойылыммен басталды.


ТҮРКІСТАН: Жас мемлекеттік қызметшілер форумында адалдық пен отаншылдық дәріптелді

Түркістандағы жас мемлекеттік қызметшілер форумында адалдық пен отаншылдық дәріптелді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында әділетті Қазақстанды құру жолында әрбір азаматтың адал болуы – қоғамның дамуындағы басты шарт екенін атап өткен болатын. Осы орайда, бүгін Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» кешенінде «Адал азамат – әділетті қоғам кепілі» атты жас мемлекеттік қызметшілер форумы өтті. Форумға құқық қорғау және мемлекеттік органдардың қызметкерлері, жас мемлекеттік қызметшілер қатысты. Жиын жас мемлекеттік қызметшілерге арналған өте әсерлі қойылыммен басталды.


Форумға арнайы қатысқан Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев сөз сөйлеп, адал қызмет пен жоғару жауапкершілік мемлекеттік басқару жүйесінің тетігі екенін атап өтті. Олар жастарды парасаттылық пен әділет қағидаттарын ұстануға шақырды.


– Жас мемлекеттік қызметшілер форумы – жастық жалын мен жаңа идеялар тоғысқан үлкен алаң! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Елге аянбай еңбек ететін, өзін үнемі жетілдіріп отыратын жаңашыл жастар қажет» деген сөзі бар. Сондықтан бүгінгі форум сіздерге серпін береді деп сенемін. Биыл Түркістан қаласының облыс орталығы атанғанына 7 жыл болды. Осы аз уақытта облысымызда ауқымды жұмыстар атқарылды. Оған жас мемлекеттік қызметшілер үлкен үлес қосып келеді. Бүгінде облыс аумағында 3 мыңнан аса мемлекеттік қызметкер еңбек етсе, оның ішінде жастардың саны жыл сайын артып отыр. 2 аудан-қалада жастар әкім болып, жемісті еңбек етуде. Өңірлік кадр резервшілері арасынан 17 жас маман мемлекеттік қызметке қабылданды. Биыл мемлекеттік қызметтегі 858 бос орынға 1 437 үміткер қатысты. Оның ішінде 307 жас маман жұмысқа қабылданып, меритократия деңгейі 21,4%-ды құрады. Қазір Түркістан тек рухани орталық қана емес, жастардың, инновацияның, технологияның қаласына айналып келеді, – деді облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы.


Форумға қатысушылар сыбайлас жемқорлықтың қоғамға зияны және адалдық құндылығына арналған бейнероликті тамашалады. Шараны ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Абылайхан Наурызбаев жүргізді.


Маңызды жиында Мемлекеттік қызмет саласындағы «Astana Hub» басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов, Мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы, Түркістан облысының экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев тақырыпқа байланысты өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жұмыстарды ілгерілету мәселелері сөз болды.


Білікті спикерлер адал азаматтардың көп болуы – еліміздің өркендеуінің негізгі кепілі екенін айтып, мемлекеттік қызметшінің ар-ожданы жоғары болса, мемлекет дамитынын атап өтті. Сондай-ақ жастар арасында адалдық мәдениетін жүйелі түрде қалыптастыру керектігін жеткізді. Келелі басқосуда әділдік пен адалдық құндылықтарын нығайту жөнінде нақты ұсыныстар айтылды.

Бөлісу