Түркістан және Самарқанд облыстары арасында меморандум жасалды

0
72

Делегация екі өңір арасындағы туризм саласындағы әріптестікті нығайту бойынша келіссөздер жүргізді.


Түркістан және Самарқанд облыстары арасында меморандум жасалды

Түркістан мен Самарқанд облыстары әкімдіктері арасында туризмді бірлесе дамыту бойынша меморандум жасалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған облыс делегациясының Өзбекстан Республикасына жұмыс сапары Самарқанд облысында қорытындыланды. Делегация екі өңір арасындағы туризм саласындағы әріптестікті нығайту бойынша келіссөздер жүргізді.


Сапар аясында Самарқанд облысының хокимі Әдиз Бобоевпен кездесу өтіп, тараптар өзара түсіністік, оның ішінде туризмді бірлесе дамыту туралы Меморандумға қол қойды. Құжат аясында Түркістан мен Самарқанд облыстары туризм, мәдениет, білім және инвестиция бағыттарында бірлескен жобаларды дамытуға уағдаласты. Меморандумда туризмді дамыту, топтық саяхаттарды көбейту, екі өңірдің туристік орындарын бірлесе насихаттап, саяхатшылар алмасу және өзге де бастамалар қамтылған.


Кездесу барысында Нұралхан Көшеров Түркістан мен Самарқандтың ортақ тарихи және мәдени байланыстарына тоқталып, екі өңірдің туризм әлеуетін біріктіру маңызды екенін атап өтті.


– Түркістан мен Самарқанд арасында ежелден мәдени және рухани байланыс бар. Біздің өлкелер Ұлы Жібек жолында маңызды рөл атқарып, шығыс пен батысты жалғаған алтын көпірге айналды. Бұл өңірлерде саудагерлер, ғалымдар мен шеберлер тоғысып, ағартушылық, ғылым мен өнер идеялары қанат жайған. Түркістан және Самарқанд облыстары туризм, мәдениет, білім және инвестиция салаларында ынтымақтастықты кеңейтуге зор әлеуетке ие. Түркістандықтар шекарааралық туристік бағыттарды дамытуға, қолөнер мен гастрономия фестивальдерін өткізуге, мәдениет күндерін ұйымдастыруға және халықаралық деңгейде бірлескен маркетингтік бастамаларды жүзеге асыруға мүдделі. Біздің делегация құрамында Түркістан облысының жетекші туристік компанияларының өкілдері бар. Олар самарқандтық әріптестерімен тікелей іскерлік байланыстар орнатуға дайын. Біз тәжірибе алмасу, бірлескен туристік бағыттар әзірлеу және өңірлерімізді ортақ мәдени-тарихи кеңістік ретінде ілгерілету арқылы байланыстарды дамыта түсеміз. Биыл ашылған Түркістан-Самарқанд тікелей әуе рейсі екі киелі орталықты қайта жалғап, туризм мен мәдени алмасуға серпін берді. Бүгінгі кездесулер ынтымақтастығымыздың жаңа кезеңіне жол ашады деп сенемі, – деген Нұралхан Көшеров Самарқанд тұрғындарын Түркістанға саяхаттауға шақырды.


Самарқанд облысының хокимі Адиз Бобоев әріптестік орнатып, туризмді бірлесе дамыту бастамасын қолдайтынын, осы бағытта жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.


Делегация мүшелері, сондай-ақ, Самарқандтағы Туризм академиясында жергілікті туроператорлармен кездесіп, өзара тәжірибе алмасу және туристік ағымды арттыру мәселелерін талқылады. Бұдан бөлек, «Silk Road Samarkand» туристік кешенінің басшылығымен кездесті. Түркістан облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов Түркістан облысының туристік әлеуетін кеңінен таныстырып, маңызды мағлұмат берді.


Сапар қорытындысы бойынша тараптар өңіраралық байланыстарды дамыту және облыстардың біртұтас туристік кеңістігін қалыптастыру бағытында бірлесіп жұмыс істеуге келісті. Түркістандық делегация Самарқанд қаласының тарихи және туристік орындарына қысқаша экскурсия жасап, туристік әлеуетімен танысты.


Айта кетейік, 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Түркістан облысына 830 мың турист келді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13%-ға көп. Оның ішінде Өзбекстаннан келетін туристер саны да айтарлықтай артты. Егер 2024 жылы 12,5 мың өзбекстандық азамат келсе, биылғы 9 айда олардың саны 26 мыңнан асты.

Бөлісу