Өңірдегі табиғи аумақтарға 142,7 мың адам саяхаттаса, тарихи орындарға 911,2 мың адам барған.
Түркістан облысында туризмнің оң өсімі байқалады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында өткен жылмен салыстырғанда туризмнің оң өсімі байқалады. 2025 жылдың II тоқсанының қорытындысымен орналастыру орындарында демалғандар саны 151 мың адамға жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңінен 7%-ға өскен. Орналастыру орындарымен көрсетілген қызмет көлемі 3,98 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңінен 27%-ға артып отыр. Сондай-ақ, осы жылдың 10 ай қорытындысымен өңірдегі табиғи аумақтарға 142,7 мың адам саяхаттаса, тарихи орындарға 911,2 мың адам барған. Бұл туралы Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде баяндалды.
Облыс басшысы жауапты тұлғаларға туристер ағынын арттыру, жаңа бастамаларды іске асыру бойынша бірқатар тапсырма жүктеді. Сонымен бірге Өзбекстан сапарындағы кездесулер нәтижесі бойынша жұмыс жүргізуді, тың идеяларды қолға алуды тапсырды.
Жиында облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуовтің есебі тыңдалды. Оның мәлімдеуінше, 2025 жылдың 9 ай қорытындысымен туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 57,9 млрд. теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 27%-ға өскен.
Биыл ішкі туристер санын 350 мың адамға, шетелдік келуші туристер санын 18 мың адамға жеткізу межеленген. Қазіргі таңда ішкі туристердің жалпы саны 273,7 мың адамды, ал шетелдік туристердің жалпы саны 19,1 мың адамды құрап отыр. Е-qonaq жүйесіне сәйкес осы жылдың 10 айында өңірге 43 802 шетелдік турист келген. Облысқа келуші шетелдік туристер бойынша ТОП-10 мемлекет қатарында Өзбекстан, Түркия, Қытай, Ресей, Қырғызстан, Германия, Франция, Тәжікстан, Италия, Индия елдері бар.
Облыстың туристік әлеуетін таныстыру мақсатында жыл басынан бері Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Түркия, Италия, Қытай елдерінің үздік 113 туркомпаниясына ақпараттық тур ұйымдастырылды. Сонымен қатар Түркияның «Albayrak Media Group», «TGRT», «TRT» телеарналарына, Белгияның «Porschist magazine» журналына, Ұлыбританияның «Travel Weekly», «The Telegrap», «The Week», «The Times», «Regent Holidays» және саяхат журнал өкілдеріне және «EuroNews» интернет порталына өңірдің туристік әлеуеті таныстырылды.
Мәжіліс барысында көршілес елдің тәжірибесін пайдалана отырып, туризмді дамыту бағытында бірқатар ұсыныстар айтылды. Мәселен, тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау және қалпына келтіру кезінде ЮНЕСКО талаптарын сақтай отырып, жаңа декорациялық тәсілдерді қолдану, заманауи экспозициялық технологияларды пайдалана отырып, тарихи тұлғаларға арналған мұражайлар ашу, тарихи тұлғалар мен оқиғаларды көрсетуге арналған мультимедиялық және голографиялық материалдар дайындау, Түркістан мұражайларында бейне инсталляциялар мен виртуалды көрмелер ұйымдастыру, ортақ турөнімдер жасау, қонақ үй, гид-экскурсовод және мейрамхана саласы мамандарын даярлау бойынша Халықаралық туризм академиясымен тәжірибе алмасу сияқты бастамалар айтылды.


