Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған.
Түлкібас ауданында туристік-сауықтыру кешені бой көтеріп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түлкібас ауданында туризм саласы қарқынды дамып келеді. Бүгінде Жаскешу ауылдық округіне қарасты Пістелі ауылында «Saumal DE Lux» туристік-сауықтыру кешені бой көтеруде.
Кешеннің негізгі бағыты – саумалмен емдеу, жылқы туризмі, табиғат аясында серуендеу, сондай-ақ ұлттық тағамдарды, соның ішінде таба нан мен қолдың майын дайындау дәстүрін жандандыру.
Аудан әкімі Асқар Естібаев аталған нысанның құрылыс барысымен танысып, жұмыс барысын бақылады.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Жоба 2026-2027 жылдар аралығында 3 кезеңмен жүзеге асады. 1-кезеңі 2026 жылы жүзеге аспақ. Кешенде жалпы ауданы 1280 шаршы метр заманауи қонақ үй, мейрамхана, жазғы алаңша, 3 бірегей типті коттедж аудан тұрғындары мен қонақтарына қызмет жасайды. Әр коттедждің аумағы 160 шаршы метрді құрайды. Ал, 2-кезең 2026-2027 жылдары жүзеге аспақ. Бұл кезеңде заманауи спорт кешені, жазғы бассейн, 10 глемпинг, 5 киіз үй, қарастырылған. Одан бөлек, балық шаруашылығын дамыту, Көкбұлақ өзені үстінен 2 аспалы көпір салу, тау бөктерінде 1,5 шақырым жаяу жүргінші жолын салу жұмыстары жүргізілмек.
Кешеннің алғашқы кезеңі 2026 жылдың наурыз айының екінші жартысында ашылады деп жоспарлануда. Нысан іске қосылғанда, ауданның туризм саласы жаңа қарқын алып, өңір экономикасының дамуына да оң ықпал ететіні сөзсіз.


