2026 жылы бағдарлама аясында атқарылатын жұмыстардың жоспары әзірленуде.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы Түркістан облысында жүйелі жалғасуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы Түркістан облысында жүйелі жалғасуда. Биыл аталған бағдарлама аясында атқарылатын іс-шаралар күшейтілмек. Нақтырақ айтсақ, қыс мезгілінде жолдарды қалыпты жағдайда ұстау, уақытында қар тазалау жұмыстары басты назарға алынбақ. Сонымен қатар тұжырымдамаға сәйкес, 2026 жылы бағдарлама аясында атқарылатын жұмыстардың жоспары әзірленуде. Жоспарға сәйкес облыс көлемінде жыл бойы күнделікті атқарылатын тазалық шараларының іс-шарасы енгізіледі. Бағдарлама аясында мәдени-спорттық шараларды байланыстыра отырып, айына екі рет ауқымды шаралар өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ өңірде бей-берекет жиналатын қоқыстарды реттеу үшін аудандардағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарға берілген қызмет түрінің әлеуетін толыққанды атқару бағытында жұмыстар жанданады.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қыс мезгілінде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар талқыланды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов осы бағыттағы жұмыстарды баяндады. Оның мәлімдеуінше, қысқы маусымда жол қауіпсіздігі мен тазалықты қамтамасыз ету мақсатында бірқатар маңызды жұмыстар қолға алынған. Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар арнайы техникалармен қамтылып, тазалық жұмыстарын жүргізуге қажетті қызмет түрлері жарғыларына енгізілген.
2025-2026 жылғы қысқы мерзімде облыстық, аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекен көшелерін уақытылы қардан тазалауға жалпы 330 техника, 1155 жұмысшы жұмылдырылады. Сондай-ақ көктайғақтың алдын алу үшін қажетті инертті материалдардан 10 151 текше метр құм және 2278 тонна тұз жинақталды. Техникаларға пайдаланылатын жанар-жағармай (бензин, дизель) отынымен қамтамасыз ету мақсатында жалпы 178,6 тонна дизель, 44,1 тонна бензин отынын алуға жанар-жағармай бекеттерімен келісімшарттар жасалынды. Сонымен бірге ауа-райының қолайсыз мезгілінде жолда қалып қойған жолаушыларға жағдай жасау мақсатында облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында асуларда 4 жылыту бекеті орналасқан. Атап айтқанда, Бәйдібек ауданында Шыбықбел, Одаманбұлақ және Созақ ауданында Ащысай, Таскөмірсай жылыту бекеттері бар. Аталған жылыту бекеттері 70 тонна көмір отынымен қамтамасыз етілді. Жылыту бекеттерінің бір мезгілде 40 адамды қабылдауға мүмкіншілігі бар. Яғни, төсек-орынмен және азық-түлікпен толығымен қамтамасыз етіледі. Сонымен қоса қардың қалың жаууына байланысты автомобиль жолдарында төтенше жағдайлар туындаған жағдайда, авариялық-құтқару жұмыстарына шұғыл әрекет ету бойынша тиісті мемлекеттік мекемелер арасында іс-әрекет ету жоспары бекітілген.
Түркістан облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, 2025-2026 оқу жылында 16 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі таңда 13 мектеп қабылдау актісін алып, пайдалануға берілген. Қалған үшеуінің қабылдау актісі дайын. Жұмыстар жүруде.
Жиын соңында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.


