Өңірде 1780 тарихи-мәдени мұра нысаны бар.
Түркістан облысында тарихи-мәдени орындардың инфрақұрылымын жақсарту мәселесі қаралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мемлекет басшысы мәдени-тарихи нысандардың инфрақұрылымын дамытуды тапсырған болатын. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен жиын өтті. Онда өңірдегі тарихи-мәдени мұра насындарын сақтау және осы саладағы өзекті мәселелер талқыланды.
Мәжіліс барысында туристік бағыттағы жобаларды дамыту, тарихи-мәдени мұралар тізіміне енген елді мекендерді насихаттау, мәдени шаралар өткізу бағытындағы мәселелер қозғалды. Сондай-ақ тарихи-мәдени нысандарға экспедициялар ұйымдастыру, тарихи тұлғалар мен оқиғаларды көрсетуге арналған мультимедиялық және голографиялық материалдар дайындау, Түркістан мұражайларында бейне инсталляциялар мен виртуалды көрмелер ұйымдастыру, турөнімдер жасау, халықаралық байланыстарды нығайту секілді бірқатар ұсыныстар мен жобалар айтылды.
Жиында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Арыстан баб, Әмір Темір мемориалы, сондай-ақ Отырар қалашығы мен Бердібек сарайы сынды тарихи орындарды сақтау, инфрақұрылымын жақсарту мәселелері де сөз болды.
Облыс әкімінің орынбасары жауаптыларға жұмысты жандандыру жөнінде тапсырмалар берді. Бұл бағыттағы ұсыныстар назарға алынып, тиісті жұмыстар жүргізіледі.
Айта кетейік, жалпы облыста 1780 тарихи-мәдени мұра нысаны бар. Оның ішінде 167 нысан халық көп шоғырланатын, туристердің келуіне ынғайластырылған және мемлекеттік тізімге енгізілген маңызды орындар қатарында.


