ТҮРКІСТАН: Тамшылатып суару құрылғыларын өндіретін кәсіпорын жұмысын бастады

0
67

50 мың гектар алқапты заманауи суару жүйесімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.


ТҮРКІСТАН: Тамшылатып суару құрылғыларын өндіретін кәсіпорын жұмысын бастады

Түркістан облысында тамшылатып суару құрылғылары мен суаруға арналған таспалар өндіретін өндіріс орны өз жұмысын бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы Отырар ауданында бірегей жоба іске қосылды. «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС-ның тамшылатып суару құрылғылары мен суаруға арналған таспалар өндіретін өндіріс орны өз жұмысын бастады. Кәсіпорын жылына 800 млн метр суару лентасын өндіріп, 50 мың гектар алқапты заманауи суару жүйесімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.


Жаңа өндіріс орнының іске қосылу рәсіміне арнайы қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кәсіпорынды аралап, жұмысымен танысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев су үнемдейтін озық технологияларды жедел енгізу тапсырмасы аясында өңірде кешенді шаралар жүзеге асырылып жатқанын жеткізіп, осындай жобаның бірі бүгін Отырар ауданында іске асып отырғанын айтты.


Су үнемдеу жүйелерін қолдану ағын суды екі есеге дейін үнемдеп, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін үш есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге шығаратын стратегиялық өндіріс. Өйткені, су ресурстарын үнемдеу – өңір үшін аса маңызды мәселе. Сондықтан бұл кәсіпорынның іске қосылуы – уақтылы қабылданған шешім.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғырту міндетін қойды. Президент тапсырмасын орындау мақсатында облыста ауқымды шаралар атқарылуда. Аталған жобаға жасанды интеллект жүйесі енгізілген. Басқару орталығында жасанды интеллект арқылы басқару, бақылау, реттеу жұмыстары жүзеге асады. Бір орталық арқылы 32 мың гектар жер бақыланып, суғару жүйесі бір пультпен басқарылады.


Отырар ауданы Қарақоңыр ауылдық округіне қарасты Сырдария елді мекенінде орналасқан «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС – ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологиялар енгізіп, өңірдің экономикалық дамуына айрықша үлес қосып келе жатқан ірі өндірістік құрылым. Серіктестік Қытай елінің инвесторларын тарта отырып, биыл 32 мың гектар жерге тамшылатып суару әдісімен мақта дақылын екті. Су үнемдеуге бағытталған инновациялық технология нәтижесінде әр гектардан орта есеппен 50-60 центнер мақта өнімі алынды.


Компанияның екінші маңызды бағыты – ауыл шаруашылығындағы су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында тамшылатып суару жүйелеріне арналған арнайы қондырғылар өндіретін кәсіпорынның құрылуы. Жобаны іске асыруға 1,2 млрд теңге инвестиция салынған. Кәсіпорында 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.


Бұл кәсіпорын су үнемдеуге бағытталған аса маңызды жоба. Тамшылатып суару жүйелерін жергілікті жерде өндіру арқылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолжетімділік артып, су үнемдеу технологиясын кеңінен енгізуге жағдай жасалады. Сонымен қатар өндірістің іске қосылуы өңір экономикасының әртараптануына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етуде.


Биыл облыста 59 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізіліп, жоспар артығымен орындалды. Су үнемдеу технологиялары енгізілген жалпы жер көлемі 114 мың гектарға жетті. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.

Бөлісу