7228 гектар алқапты су үнемдеу технологиясын ендіру арқылы игеруді қолға алмақ.
Түркістан облысындағы егістік алқаптарына су үнемдеу технологияларын ендіру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен жиында су үнемдеу технологиясын ендіру жоспарының орындалу барысы талқыланды. Жиынға Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандары әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
2026 жылға белгіленген меже бойынша бұл өңірлердегі 77 шаруашылық 7228 гектар алқапты су үнемдеу технологиясын ендіру арқылы игеруді қолға алмақ. Жер жырту бойынша жоспардың Мақтааралда 90 пайызы, Шардарада 81 пайызы, Жетісайда 80 пайызы орындалған. Бүгінге дейін 22,6 мың гектар жерде сор шаю жұмыстар атқарылып, жұмыстар жалғасуда.
Облыс әкімінің орынбасары суғару кезеңі басталғанға дейін сор шаю жұмыстарын толық аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, мақта алқаптарын ұлғайту кезінде су үнемдеу әдістеріне басымдық беру қажет екенін атап өтті.
– Суды ысырап қылмай, мүмкіндігінше тиімді пайдалану керек. Былтыр 114 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын ендіру арқылы 195 млн. текше метр су үнемделді. Осы шаруашылықтардың тәжірибесін негізге алып, диқандарға мемлекеттік қолдау жөнінде толық ақпарат ұсынуды қамтамасыз етіңіздер, – деген Нұрбол Тұрашбеков жоспардың орындалуы тұрақты бақылауда болатынын ескертті.
Облыста жалпы қуаттылығы 163 мың гектар алқапты қамтуға қауқарлы су үнемдеу қондырғыларын шығаратын 4 кәсіпорын бар. Мемлекеттік қолдау аясында жалпы 5 кәсіпорын шаруаларға өз қызметін ұсынып отыр. Жауаптылардың мәлімдеуінше, бүгінгі таңда компаниялармен 4 мың гектардан астам жерді қамту бойынша келісімшарт түзілген. Сондай-ақ, суғарудың жаңа әдісіне көшірілген 1842 гектар алқаптың құжаттары субсидиялауға ұсынылған.
Мәжіліс қорытындысымен хаттама түзіліп, тапсырмалар берілді.


