1124 жеке құрам, 112 техника, 25 қайық пен 92 мотопомпа дайындалған.
Түркістан облысында көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары атқарылып, жағдай тұрақты бақылауға алынған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Құзырлы мекемелер тарапынан су қоймаларының техникалық жағдайы мен елді мекендердің су тасқынына дайындығы жан-жақты зерделеніп, қажетті шаралар қабылдануда. Су тасқыны кезеңінде болуы мүмкін төтенше жағдайларға жалпы 1124 жеке құрам, 112 техника, 25 қайық пен 92 мотопомпа дайындалған. Көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары туралы Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде кеңінен сараланды.
Нұралхан Көшеров жауапты тұлғаларға дайындық жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
– Су қоймаларының жағдайын қатаң бақылауға алып, су режимін дұрыс реттеуді қамтамасыз етіңіздер. Магистральды каналдар мен елді мекен аумағынан өтетін каналдардың су өткізу қабілетін арттыру қажет. Инженерлік техникаларды жоғары дайындыққа келтіріңіздер. Инертті материалдар қорын әзірлеп, қауіпті учаскелерге жеткізу қажет. Көпірлер мен жол астындағы құбырлардың су өткізу қабілетін арттырып, дайындықта ұстауды тапсырамын, – деді облыс әкімі.
Мәжілісте су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалуы туралы Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Бағдат Чайзада баяндады. Оның айтуынша, департаментте тәуліктік кезекшілік штабы ұйымдастырылған. Облыс аумағындағы су нысандарына күнделікті мониторинг жүргізілуде. Өзендерде жағдай қалыпты болса, таудағы қардың қоры белгіленген нормадан төмен.
Су тасқынына қарсы шаралар бекітілген жоспарға сәйкес атқарылуда. Бүгінде Бәйдібек ауданындағы Боралдай дамбасы қалпына келтіріліп, Қарақожа каналына шлюз орнатылды. Бәйдібек ауданындағы облыстық маңызы бар КХ-5 автомобиль жолы астынан құбыр орнатылып, КХ-3 автомобиль жолындағы көпірге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыстық маңызы бар КХ-11 автомобиль жолы астына тюбинг орнатылса, Сарыағаш ауданындағы Келес өзенінің бойына жаға бекіту жұмыстары жүргізілді. Мақтаарал ауданындағы Атамекен елді мекенінде ирригация жүйесін қалпына келтіру жұмыстары атқарылып, Қазығұрт ауданындағы облыстық маңызы бар КХ-18 автомобиль жолы астына қосымша тюбинг орнатылды.
Сонымен қатар өткен жылы «Тұран су» мекемесінің күшімен Сауран, Бәйдібек, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласы аумағындағы өзен арналары мен қашыртқылардың 210 шақырымы механикалық тазалаудан өтсе, биыл 186,2 шақырымды тазалаудан өткізу көзделуде. «Қазсушар» РМК мекемесімен облыс аумағындағы 320 каналдың 749 шақырымы механикалық тазалаудан өткізілді. Биыл 400-ге жуық каналдың 800 шақырымына механикалық тазалау өткізу жоспарда бар.
Жиында Облыстық жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Санжар Бүрлібаев атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді. Мақтаарал ауданы Жантақсай елді мекеніндегі және Жетісай ауданы Мырзашоқы елді мекеніндегі облыстық маңызы бар автомобиль жолдарындағы көпірлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, жоспардан тыс Бәйдібек ауданында елді мекендерге жақын орналасқан каналдардың 27,9 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Келес ауданында елді мекендерге жақын орналасқан каналдардағы 49,7 шақырым қашыртқылар тазаланды. Жетісай ауданындағы 228,9 шақырым канал тазаланды. Арыс қаласы Байтоғай елді мекенінде «КХ-13 Байтоғай елді мекеніне кірме жол» автомобиль жолына су өткелі орнатылды. Отырар ауданы Алакөл, Көлқұдық, Ақкөл, Самрат елді мекендерінде дамбалар нығайтылды. 9 елді мекенде жалпы ұзындығы 1,7 шақырымды құрайтын арықтар қазылды. Мақтаарал ауданында 7,1 шақырым қашыртқыларға механикалық тазалау жүргізілді. Түлкібас ауданында 21 шақырым каналдар, Созақ ауданындағы Жуантөбе, Сызған, Жартытөбе елді мекендерінде 12 шақырым каналдар мен арық-атыздар тазаланды. Су тасқынының алдын алу жұмыстары облыс әкімінің тұрақты бақылауында.


