ТҮРКІСТАН: Спорт саласындағы үздіктер марапатталды

0
87

Облыс спортшылары 2025 жылы 1668 медаль жеңіп алды.


ТҮРКІСТАН: Спорт саласындағы үздіктер марапатталды

Түркістан облысының спортшылары 2025 жылы 1668 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт саласының жыл қорытындысына арналған салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Ауқымды іс-шараға облыстың спорт саласының өкілдері, жаттықтырушылар, әлемдік және құрлықтық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысты.


Салтанат «Чемпион боламын» атты әсерлі көрініспен басталып, 2025 жылы өңір спортында атқарылған жұмыстарды қамтыған бейнероликпен жалғасты. Көрермендер назарына көркем би қойылымдары мен әсем әндер ұсынылды.


Жыл үздіктерін марапаттау рәсімінде бокстан екі дүркін әлем чемпионы Сәкен Бибосынов, каратэден әлемдік деңгейдегі спортшы Әсел Қанай, сурдо дзюдодан Судлимпиада чемпиондары Шадияр Қуандық пен Тоқтарбек Айдарбек, пара дзюдодан әлем чемпиондары және өзге де халықаралық ареналарда ел абыройын асқақтатқан спортшылар құрмет төрінен көрінді. Барлығы 25 үздік спортшы марапатталды. Сонымен қатар, футболдан әуесқой командалар арасындағы Түркістан облысы чемпионатының үздік ойыншылары, төрешілері мен мамандары арнайы номинациялар бойынша марапат алды.


Іс-шара барысында спорт саласы бойынша «Үздік қала» аталымын Түркістан қаласы еншілесе, үздік аудандар болып, Төлеби және Шардара аудандары танылды. Сонымен бірге үздік жаттықтырушылар, үздік спорт мекемелері, үздік федерация мен сала мамандарына да құрмет көрсетілді.


Салтанатты жиында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Түркістан облысы мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев құттықтау сөз сөйлеп, үздіктерді марапаттады. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров жыл табысты аяқталғанына тоқталып, жүйелі жұмыстар жалғасатынын жеткізді.


Айта кетейік, өңірде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің қолдауымен спортты дамыту жұмыстары жүріп жатыр. Түркістан облысында 100 мемлекеттік, 179 жекеменшік спорт ұйымы жұмыс істейді. Онда 89 мыңнан астам спортшы спорттың 63 түрімен шұғылдануда. Өңір спортшылары биыл Әлем, Азия және Қазақстан чемпионаттарында 1668 медаль жеңіп алды. Биыл пара дзюдо, бокс, күрес, каратэ, байдарка мен каноэ, садақ атудан тарихи жеңістер тіркелді. 2025 жылы 5 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 74 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 745 спорт шеберлігіне үміткер дайындалды. 766 түркістандық спортшы ұлттық құрама сапына енді. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 150 спортшыға артық. Облыста 851 мың тұрғын немесе халықтың 42,8 пайызы спортпен тұрақты түрде айналысады. Жыл басынан бері 3200-ден астам спорттық іс-шара өткізіліп, 273 мыңнан астам адам қамтылды.

Бөлісу