Қажеттілігіне қарай тәулігіне 40-тан астам адамды қабылдауға мүмкіндік береді.
Созақ ауданында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Созақ ауданы Аққолтық елді мекенінде ауыл тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысан – жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт салтанатты түрде ашылып, ел игілігіне табысталды.
Жаңа медициналық нысанның ашылу салтанатына арнайы барған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ауыл тұрғындарын қуанышты сәтпен құттықтады. Жаңа ғимарат халыққа сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсетуге бағытталған маңызды нысан екенін атап өтті. Аудан басшысы ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмектің дер кезінде көрсетілуі адам өмірі мен денсаулығын сақтауда айрықша маңызға ие екенін жеткізді.
Салтанатты шара барысында Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев жаңа медициналық нысанның ауылдық жерлерде медициналық қызмет сапасын арттырудағы рөліне тоқталса, ауыл қариялары ақ баталарын беріп, игі іске ризашылықтарын білдірді.
Жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитариялық көмекті уақытылы әрі сапалы көрсету. Заманауи талаптарға сай бой көтерген медициналық нысан барлық қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Қажеттілігіне қарай тәулігіне 40-тан астам адамды қабылдауға мүмкіндік береді. Іс-шараға жиналған ауыл тұрғындары жаңа медициналық нысанды аралап көріп, мүмкіндіктерімен танысты.


