ТҮРКІСТАН: Созақ тұрғындары көгалдандыру ісін қолға алды

0
114

«Жасыл белдеу» қалыптастыру жұмыстарын бірлесе жүзеге асыруда.


ТҮРКІСТАН: Созақ тұрғындары көгалдандыру ісін қолға алды

Созақ ауданында «Жасыл белдеу» құрылып, тұрғындар көгалдандыру ісін қолға алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Созақ ауданы, Шолаққорған ауылдық округіне қарасты Балдысу елді мекенінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында күре жол бойын көгалдандыру бағытындағы игі бастама қарқын алды. Ауыл тұрғындары ұйымшылдық танытып, жолдың екі қапталынан «Жасыл белдеу» қалыптастыру жұмыстарын бірлесе жүзеге асыруда.

Жолдың бір жағалауына шырша көшеттері отырғызылса, екінші бетіне қара ағаш егілді. Алдағы кезеңде аумақты жеміс ағаштарымен толықтыру жоспарланған. Отырғызылған тал көшеттері арнайы шарбақпен қоршалып, оларды күтіп-баптауға қолайлы жағдай жасалуда. Сонымен қатар тамшылатып суару жүйесін енгізу көзделіп, осы мақсатта арнайы ұңғыма құдық қазылған.

Бұл игі іске ауылдың қариялары мен жастары белсене қатысып, ортақ іске жұмыла кіріскен. Ауыл ақсақалы Тоқтарбай қажы Молдабеков жастардың ұйымшылдығына ризашылығын білдірді. Туған жерді көркейту – әр азаматтың парызы екенін айтып, ақ батасын берді.

Аталған бастама тек Балдысумен шектелмей, бүгінде Абай және Қарабұлақ ауылдарының тұрғындары тарапынан да жалғасын табуда. Аталған ауыл тұрғындары да кіреберіс жол бойларын қоршап, түрлі ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстарын қолға алған.

Айта кету керек, «Жасыл белдеу» жобасы аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің бастамасымен 2022 жылы Шолаққорған–Түркістан бағытындағы күре жол бойында жүзеге асырылды. Содан бері жоба жыл сайын кеңейіп келеді. Биыл аталған аумақ тағы 3 шақырымға ұлғайтылып, 6000-ға жуық тал көшеті отырғызылды.

Қазіргі таңда жасыл белдеудің жалпы ұзындығы автожолдың екі бойымен 15 шақырымды қамтып отыр. Бүгінге дейін 30 мыңнан астам ағаш егілген. Алдағы уақытта бұл көгалдандыру аймағын Қаратау баурайына дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Бүгінде бұл бастама көпшілік тарапынан қолдау тауып, өзге елді мекендерде де үрдіске айналып, кең көлемде жалғасуда.

Бөлісу