«Түркістан» индустриалды аймағы мен «Turan» арнайы экономикалық аймақтарында болды.
Түркістанға келген шетелдік компаниялардың өкілдері өндірістік парктердің жұмысымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасымен өңірде ауқымды инвестициялық жобалар мақұлданып, іске асыру жұмыстары тұрақты жалғасып келеді. Облыс экономикасын әртараптандыру, инвестициялық әлеуетті арттыру және шетелдік компаниялармен ынтымақтастық орнату бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы орайда,
ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь бастаған ресми және бизнес делегация облыс орталығындағы өндірістік аймақтарды аралады.
Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов пен Түркістан облысының өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасов және сала мамандары шетелдік компания өкілдеріне өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстырды.
Алдымен жұмыс тобы «Түркістан» индустриалды аймағы мен «Turan» арнайы экономикалық аймақтарында болды. Өндіріс алаңдарында орналасқан «Түркістан Текстиль» ЖШС-нің мақта-тоқыма кластері, құбыр шығаратын зауыт және бір реттік ыдыс өндіретін «Dala pack» кәсіпорнының жұмысымен танысты. Кәсіпкерлер зауыттардың құрылыс мүмкіндіктерін қарап, жұмыс жүйесін оң бағалады.
Аралау жұмыстары Түркістан маңындағы шағын өндірістік паркінде жалғасты. Мұнда инвесторларға өндіріс аймағының мүмкіндіктері таныстырылды. Оның ішінде жиһаз зауыттары, тоңазытқыш шығаратын кәсіпорын, есік және дрон шығаратын өндірістердің жұмыс барысы мен инфрақұрылым жүйесі көрсетілді. Сонымен қатар көкөніс сақтау қоймасы мен тамшылатып суару жүйелерінің жұмысы баяндалды. Инвесторларға жасалатын қолдау көрсету мүмкіндіктері де талқыланды.
Айта кетейік, әлемдік деңгейдегі компания өкілдері Түркістанда өткен халықаралық инвестициялық форумға қатысты. Форумда өңірдің дамуына серпін беретін бірнеше жобалар аясында ынтымақтастық меморандумдары жасалып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағыттары талқыланды.
Бұл форумның басты мақсаты – Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін таныстырып, шетелдік компаниялармен экономикалық байланыстарды нығайту, өндіріс орындарын көбейту және кәсіпкерлік саласын дамыту болды.
Биыл жыл басынан бері 90-нан астам шетелдік компаниямен кездесулер өтіп, ҚХР, Иран және Өзбекстан елдеріне ресми сапарлар ұйымдастырылды. Жалпы облыста 2025-2028 жылдар аралығында 111 инвестжобалар пулы қалыптасқан. Жоба толық іске асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.


