ТҮРКІСТАН: Шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары қарқын алды

0
89

Анықтаушылардың нақты саны мен есеп көрсеткіші де сараланды.


ТҮРКІСТАН: Шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары қарқын алды

Түркістан облысында үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары қарқын алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жұмыс жоспарына сәйкес, штаб отырысын өткізіп, бүгінге қалыптасқан фитосанитариялық ахуалды қадағалады.

Болжам орталығының ұсынған мәліметінде бүгінге дейін 53,3 мың гектар зерттелгені көрсетілген. Нәтижесінде Келес ауданында – 7442 гектарда, Арыс қаласына тиесілі аймақта – 1942 гектарда, Сарыағаш ауданында – 3122 гектарда, Қазығұрт ауданында 80 гектарда шегіртке дернәсілдерінің экономикалық зиянды шектен асқаны анықталды. Шегіртке дернәсілдерінің белсенділігі Сарыағаш ауданында 17 секторда, Арыс қаласында 12 секторда, Келес ауданында 19 секторда тіркелді.

Мобильді топ жетекшілері техникаға жүргізілген түгендеу қорытындысын баяндады: 228 техника – дәрілеуге, 18 көлік су жеткізуге жұмылдырылған. Анықтаушылардың нақты саны мен есеп көрсеткіші де сараланды. Химиялық өңдеу жүргізілген алқаптарда дәрінің тиімділігі тексеріліп, баяндалды.

Нұрбол Тұрашбеков жұмыс барысында қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар, жауаптыларға 21, 22, 31, 32, 33-секторларда анықтаушылардың қатарын көбейтуді тапсырды. Мердігер мекемеге техникаларды толық жеткізуді ескертті.

– Шаруалармен тығыз байланыста болыңыздар. Ошақ анықтаған жағдайда тұрғындар қайда хабарласатынын білуі керек. Бұл жұмыста ынтымақтастық және жедел әрекет маңызды, – деді облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде.

Айта кетейік, қазіргі таңда бұл бағытта жұмысты үйлестіру үшін Келес ауданы мен Арыс қаласында штаб жасақталып, қызмет атқаруда. Тұрғындардан зиянкес ошағын анықтаған жағдайда жедел жергілікті әкімдікке хабарлау сұралады.

Бөлісу