39 шақырым су құбырын тарту жоспарланған.
Шардара қаласын таза ауыз сумен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында тұрғындарды сапалы инфрақұрылыммен қамту бағытында ауқымды жобалар іске асуда. Соның ішінде, Шардара қаласын сапалы әрі тұрақты таза ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған ірі инфрақұрылымдық жоба жоспарға сай жүзеге асып жатыр. Аудан әкімі Арман Қарсыбаев құрылыс нысандарына барып, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады. Мердігерлермен кездесіп, бірқатар тапсырма жүктеді.
Жобада 39 шақырым су құбырын тарту жоспарланған. Қазіргі таңда 27 шақырымы тартылды. Диаметрі 560 мм SDR17 полиэтилен құбырлары екі бағытта жүргізілуде. Жалпы, 14 ұңғыма қазылды. Оның ішінде, 4 ұңғыма толық аяқталып, 10 ұңғымада су тазалау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 500 текше метр резервуардың бетоны құйылып, іргетасы қаланды. Су өткізбейтін жабын жасау, сорғы станциясы мен әкімшілік ғимараттың шатырын жабу, электр желілерін тарту жұмыстары жалғасуда.
Бұл жоба – Шардара қаласының тұрғындарын таза ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ететін маңызды әлеуметтік бастама. Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сай жалғасып, сапасы бақылауда болады.
Айта кетейік, 2025 жылы ауыз су саласы бойынша облыста жалпы 82 нысанның құрылысы жоспарланған. Соның ішінде, 42 нысандағы құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілды. Қалған 40 нысан биыл аяқталады.


