ТҮРКІСТАН: Шардарада 2 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді

0
69

Аталған жобалар аудан халқының денсаулығын нығайтып, медициналық инфрақұрылымды дамытуға оң серпін бермек.


ТҮРКІСТАН: Шардарада 2 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді

Шардара ауданында 2 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында медициналық нысандар салу, дәрігерлік көмекке қолжетімділікті арттыру мәселесі облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауында. Осы ретте Шардара ауданындағы Сүткент және Ұзын-ата ауылдарында заман талабына сай жаңа дәрігерлік-амбулатория ғимараттары салтанатты түрде ашылып, ел игілігіне берілді. Бұл нысандар ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.


Жаңа амбулаториялар заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтылып, тұрғындарға сапалы әрі уақтылы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Аталған жобалар аудан халқының денсаулығын нығайтып, медициналық инфрақұрылымды дамытуға оң серпін бермек.


Салтанатты ашылу рәсіміне Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев қатысып, ауыл тұрғындары мен медицина саласы қызметкерлерін маңызды әлеуметтік нысандардың іске қосылуымен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде ауылдық жерлерде денсаулық сақтау саласын дамытуға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.


Іс-шара барысында бірқатар медицина қызметкерлері «Шардара ауданына – 60 жыл» мерекелік төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан берілген жедел жәрдем автокөліктерінің кілттері салтанатты түрде табысталды.


Аталған жобалар – өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі.

Бөлісу