Құрылыс жұмыстарын «ВВ-Manap Құрылыс» ЖШС жүргізді.
Сарыағаш ауданында медициналық нысан бой көтеріп, балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Сарыағаш ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған екі маңызды әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Аудан әкімі Арман Абдуллаев аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлымен бірге Жылға және Әлімтау ауылдық округтеріндегі жаңа нысандардың құрылыс барысы мен сапасын тексерді.
Жылға ауылдық округіне қарасты Шайхана елді мекенінде жеке инвестиция есебінен жалпы құны 77 миллион теңгені құрайтын жаңа медициналық нысан бой көтерді. Құрылыс жұмыстарын «ВВ-Manap Құрылыс» ЖШС жүргізді.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев нысанның жай-күйімен танысып, сапалы әрі уақтылы аяқтау қажеттігін атап өтті.
– Аудан аумағында бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысы жүргізілуде. Соның ішінде ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартуға бағытталған медициналық нысан ерекше маңызды. Бұл ғимарат пайдалануға берілген соң, тұрғындар орталыққа бармай-ақ алғашқы медициналық көмекті өз ауылынан ала алады. Сондықтан құрылыс сапасы мен медициналық құрал-жабдықтардың заманауи талаптарға сай болуын тапсырамын, – деді аудан басшысы.
Жаңа медициналық нысан алғашқы жедел жәрдем көрсетуге және ауыл тұрғындарын сапалы қызметпен қамтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Әлімтау ауылдық округінде тұрғындар ұсынысына сәйкес жаңа балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілді. Алаңша заманауи талаптарға сай жабдықталып, қауіпсіздік стандарттары толық сақталған. Құрылыс жұмыстарын «Alsar Gold» ЖШС мердігер компаниясы атқарды. Жоба аудандық бюджет есебінен қаржыландырылды.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев жаңа нысанның сапасын тексеріп, оны күтіп-ұстау және тиімді пайдалану жауапкершілігін ауылдық округ әкімі Берік Тайменовке жүктеді. Алаңша балалардың бос уақытын тиімді өткізуге, спортпен шұғылдануына және салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Облыс тұрғындарының игілігіне бағытталған мұндай жобалар алдағы уақытта да жалғасады.


