ТҮРКІСТАН: Отырардағы жәрмеңкеде тұрғындарға 1000-ға жуық жұмыс орны ұсынылды

0
125

Өңірде жұмыспен қамту, өндіріс орындарын ашу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.


ТҮРКІСТАН: Отырардағы жәрмеңкеде тұрғындарға 1000-ға жуық жұмыс орны ұсынылды

Отырар ауданы, Қарақоңыр ауыл округіндегі «Түркістан агроөнеркәсіп кешені» ЖШС-нің өндіріс орнында Жұмысшы мамандықтар жылына орай бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан өңірінде облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен жұмыспен қамту, өндіріс орындарын ашу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Осы ретте Отырар ауданы, Қарақоңыр ауыл округіндегі «Түркістан агроөнеркәсіп кешені» ЖШС-нің өндіріс орнында Жұмысшы мамандықтар жылына орай бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңке барысында жұмыс іздеушілерге өндіріс процесі таныстырылып, 44 бос жұмыс орны ұсынылды.


Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов жұмыс іздеушілерге инвестициялық жобалардың ел экономикасына қосар үлесін баяндап, жұмыспен қамту шаралары туралы қысқаша баяндама жасады. Жәрмеңке нәтижесімен 10 азамат тұрақты жұмысқа қабылданды. Сонымен бірге жұмысшы мамандық иелері Отырар ауданы әкімі мен аудандық «АMANAT» партиясының мақтау қағаздарымен марапатталды


Жәрмеңкеде «Kazakhstan Lihua» ЖШС 300 жұмыс орнын ұсынса, «Altyn Land» ЖШС 85 адамды жұмысқа шақырды. «Kuzov Karabulak» ЖШС – 450, «Kaz Eco Meat» ЖШС 90 жұмыс орнын ұсынды. Өзге де кәсіпорындар тұрғындарды қабылдады.


2025 жылы облыс әкімімен облыс тұрғындарын жұмыспен қамту мен жұмысшы мамандықтарды дәріптеуге бағытталған 122 бос жұмыс орындары мен өндіріс орындарында ашық күндерін өткізу жоспары бекітілген. 1 қыркүйектегі жағдаймен 5 сала бойынша бос жұмыс орындарының 64 жәрмеңкесі өткізілді. Оларға 1257 жұмыс беруші қатысты. Олар 6841 бос жұмыс орнын (оның ішінде 4 868 жұмысшы мамандықтары бойынша – 71,1%) ұсынып, 6761 азамат, оның ішінде жұмысшы мамандықтары бойынша 4628 тұрғын жәрмеңкеге қатысты. Нәтижесінде 2344 адамға жұмыспен қамту шаралары көрсетілді. 1611 адам жұмысшы мамандықтары бойынша (68,7%) жұмыспен қамтылды.


Одан бөлек аймақта жұмысшы мамандарды дәріптеу мақсатында өндіріс орындарында ашық есік күндері өткізілді. Өткізілген ашық есік күндеріне жалпы 37 кәсіпорын қатысып, 9960 азамат қатысты. Олардың 3 мыңнан астамы мектеп оқушылары болса, техникалық және кәсіптік білім алушы 4380 адам, жоғарғы оқу орны түлектері сапынан 659 адам және басқа да санаттағы азаматтар қатарынан 1 848 адам қатысқан.

Бөлісу