ТҮРКІСТАН: Ордабасыда перинаталдық орталықтың құрылысы басталды

0
61

Бұл – болашақ аналар мен жаңа туған нәрестелерге сапалы әрі қауіпсіз медициналық көмек көрсетуге бағытталған маңызды әлеуметтік жоба.


ТҮРКІСТАН: Ордабасыда перинаталдық орталықтың құрылысы басталды

Ордабасы ауданында жаңа перинаталдық орталықтың құрылысы басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Осы ретте Ордабасы ауданында заманауи перинаталдық орталықтың құрылысы басталды. Бұл – болашақ аналар мен жаңа туған нәрестелерге сапалы әрі қауіпсіз медициналық көмек көрсетуге бағытталған маңызды әлеуметтік жоба.


Аталған нысан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларындағы тапсырмалар аясында жүзеге асырылуда. Жол картасында көзделген бұл бастама елімізде заманауи жабдықтармен қамтылған, білікті мамандар жұмыс істейтін перинаталдық орталықтар желісін қалыптастыруды мақсат етеді.


Құрылыстың тапсырыс берушісі – «Түркістан облысының құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесі. Жобаны «ЦАПСК» ЖШС әзірлесе, құрылыс жұмыстарын «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС атқарады. Нысанның сапалы әрі талапқа сай салынуын техникалық және авторлық қадағалау ұйымдары тұрақты бақылауда ұстамақ.


Жоспарға сәйкес, перинаталдық орталықтың құрылысын 2028 жылы аяқтау жоспарланған. Ғимараттың жалпы ауданы 32 мың шаршы метрден асады, ал нысан 8 гектар аумақта бой көтермек. Жобаның жалпы құны – 45,8 млрд теңге.


Бұл орталық пайдалануға берілгенде Ордабасы ауданы ғана емес, көршілес елді мекендердің тұрғындары да жоғары деңгейдегі перинаталдық медициналық қызметке қол жеткізеді. Ең бастысы – ана мен бала денсаулығын қорғау нығайып, күрделі жағдайларда көрсетілетін медициналық көмектің сапасы арта түседі.


Қазіргі таңда құрылыс алаңында жер жұмыстары басталып, дайындық шаралары қарқынды жүргізілуде.

Бөлісу