Түркістан облысының әкімі АҚШ-тың Бас консулымен кездесті

0
148

Тараптар туризм мен білім беру салаларын дамыту бойынша өзара әріптестік жайлы пікір алмасып, ой бөлісті.


Түркістан облысының әкімі АҚШ-тың Бас консулымен кездесті

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстандағы АҚШ-тың Бас консулы Мишель Еркинмен ресми кездесу өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Кездесу барысында экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық бағыттардағы екіжақты ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды. Тараптар туризм мен білім беру салаларын дамыту бойынша өзара әріптестік жайлы пікір алмасып, ой бөлісті. Өңір басшысы америкалық компаниялардың Түркістан облысында тиімді әрі ұзақмерзімді жұмыс жүргізуі үшін барлық жағдай жасалатынын атап өтті.


Нұралхан Көшеров қонақтарға өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтары мен инвесторларға ұсынылатын мүмкіндіктер туралы баяндады. Атап айтқанда, жалпы аумағы 4 000 гектарды құрайтын «TURAN» арнайы экономикалық аймағының қызметі мен мұндағы салықтық жеңілдіктер, инфрақұрылымдық қолдау тетіктері таныстырылды. Сонымен қатар шағын индустриялық парктердің дамуы, кәсіпкерлерге арналған тиімді шарттар да назардан тыс қалмады. Бүгінгі таңда облыста 20 индустриялық аймақ жұмыс істеп тұр.


– Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойындағы ынтымақ пен өркендеудің мекені. Бүгінгі таңда тарихи қала тек түркі дүниесінің рухани астанасы ғана емес, сонымен бірге еліміздің экономикалық өсімінің маңызды орталығы саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілді. Бұл шешім қаланың туристік әлеуетін арттырып, инвестиция тартуға және тарихи-мәдени мұраны сақтауға зор мүмкіндік туғызды. Біз агроөнеркәсіп, терең өңдеу, білім беру, туризм және жер қойнауын пайдалану салалары бойынша инвестиция тартуға басымдық беріп келеміз. Түркістан америкалық бизнес үшін сенімді серіктес болады деп сенемін. Ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімді, өзара тиімді әрі табысты боларына сенемін, – деді әкімі Нұралхан Көшеров.


Сонымен қатар өңір басшысы Түркістан облысының табиғи ресурстарға бай екенін атап өтті. Мұнда уран, алтын, темір кені, көмір және фосфориттің мол қоры бар. Қолайлы климаттық жағдай ауыл шаруашылығымен жыл бойы тұрақты айналысуға мүмкіндік береді. Бүгінде Түркістан облысы республика бойынша ауыл шаруашылығы өнімін өндіруде көш бастап тұр. Сонымен қатар ет экспорты бойынша да жетекші орында: еліміздегі сиыр еті экспортының 80%-ы мен қой еті экспортының 75%-ы Түркістан облысының үлесінде.


Өз кезегінде АҚШ-тың Бас консулы Мишель Еркин көрсетілген қонақжайлық үшін алғыс білдіріп, Түркістан облысын екіжақты ынтымақтастықты дамытудағы маңызды өңірлердің бірі ретінде атап өтті. Консул аймақтың тарихи-мәдени мұраларына, туризм саласын дамытудағы әлеуетіне және болашақ экономикалық даму бағыттарына жоғары баға беріп, даму тұжырымдамасындағы бірқатар жобаларға қызығушылық танытты. Сондай-ақ білім саласында тәжірибе алмасуға ниетті екенін білдірді. Кездесу соңында тараптар бірлескен жобалар мен серіктестік мүмкіндіктерін қарастыруға дайын екендіктерін жеткізді.


Түркістан облысы – Қазақстандағы ең тартымды туристік бағыттардың бірі. Өңірде тарихи-мәдени мұралар, көркем табиғат және заманауи сауықтыру кешендері бар.


Түркістан халықаралық әуежайы жыл сайын 3 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетеді. Туризм саласын дамыту мақсатында мемлекет тарапынан жеңілдіктер мен қолдау бағдарламалары қарастырылған.

Бөлісу