Жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құрап, төмендеген.
Түркістан облысында тұрғындарды еңбекпен қамту, өндіріс орындарын ашу бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
2025 жылы облыс тұрғындарын сапалы жұмыс орындарымен қамту арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бекітілген. Жұмыспен қамту картасы шеңберінде 130 769 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Бұл республика бойынша құрылатын жұмыс орындарының 14,5 пайызын құрап, ең жоғары көрсеткіш болып қалыптасты. 2025 жылдың қорытындысымен 147 719 азамат жұмыспен қамтылып, жоспар артығымен орындалған. Оның ішінде 100 046 тұрақты жұмыс орны құрылса, 47 673 уақытша жұмыс орны жасақталған. Жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құрап, төмендеген.
Аталған салаға қатысты мәселелер мен жоспарлар облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров жұмыспен қамту және өндіріс орындарын ашу ең негізгі міндеттер екенін кезекті рет ескертіп, жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне жұмысты күшейтуді тапсырды.
– «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясындағы міндеттерді сапалы орындауды, жұмысқа орналасқан азаматтарға міндетті зейнетақы жарналарының аударылуын қадағалауды тапсырамын. Субсидияланатын жұмыс орындарына, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары мен «Күміс жас» жобасына тартылған тұрғындар нақты жұмыспен қамтылуы тиіс. Аудан, қала әкімдері, жауапты басқарма өңірдегі кәсіпорындарды түгел аралап, штаттық кестесін, қанша жұмыс орны қажет екенін анықтап, халықты еңбекке тартыңыздар. Жұмысты үйлестіріңіздер. Тұрғындарды қолдауымыз керек, түсіндіру жұмыстарын жандандырыңыздар, – деді Нұралхан Көшеров.
Мәжілісте жұмыспен қамту жоспарын орындамаған аудан, қала әкімдерінің есептері тыңдалып, тиісті ескертулер берілді.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлының айтуынша, еңбекпен қамту 5 бағыт бойынша жүргізілген. 4074 жұмыс орны ұлттық жобалар мен жеке инвестициялық жобалар шеңберінде құрылса, 22 595 жұмыс орны «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» шеңберінде ашылған. 45 мың адам субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілсе, 57 221 адамды еңбек нарығындағы бос орындар арқылы жұмысқа орналастыру және 1793 адамға грант беру көзделіп, тиісті индикатор орындалған.
Ал 2026 жылға арналған «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 74 516 адамды (54481 – тұрақты, 20035 – уақытша) жұмыспен қамту жоспарлануда. Оның ішінде 40 588 адам бос жұмыс орындарына жолданса, 2472 тұрғын ұлттық жобалар негізінде ашылатын жұмыс орындарына тартылады. 11476 тұрғын «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» жобасы, ал 18530 адам субсидияланатын жұмыс орындары арқылы еңбекке тартылады деп жоспарланған. 1450 адамға грант беру межеленген.
Тұрғындар облыстағы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, өнеркәсіп және кәсіпкерлік, туризм, ауыл шаруашылығы салаларына жолданады. Оның ішінде «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» және «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» компанияларына тағы мыңнан астам тұрғынды жұмысқа орналастыру көзделіп отыр.


