Түркістан облысында «Жасыл мектеп» жобасы іске қосылды

0
77

Аталған бастама өңірдегі экологиялық ағартуды дамытуға және жас ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.


Түркістан облысында «Жасыл мектеп» жобасы іске қосылды

Түркістан облысында ECO Network бастамасымен «Жасыл мектеп» жобасы іске қосылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында «Жасыл мектеп» жобасы іске қосылды. Бұған дейін облыс әкімдігі мен ECO Network жобасының жетекшілері арасында келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде Созақ ауданындағы 5 жалпы білім беретін мектепте іске асырылуда. Осыған орай бүгін ауданда жобаны таныстыру мақсатында қалдықтарды бөлек жинау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және тұрақты даму қағидаттары бойынша ақпараттық-таныстыру шаралары ұйымдастырылды. Аталған бастама өңірдегі экологиялық ағартуды дамытуға және жас ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.


Айта кетсек, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев ECO Network жобасының жетекшісі Евгений Мұхамеджановпен кездескен болатын. Кездесу барысында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, саналы тұтыну әдеттерін өзгерту, қалдықтарды сұрыптап жинау, сондай-ақ ECO Network бастамасымен «Жасыл мектеп» жобасын Түркістан облысында іске қосу мәселелері талқыланды.


Кездесуде Евгений Мұхамеджанов «Жасыл мектеп» жобасының негізгі мақсаттарына тоқталып, өзге өңірлерде жүзеге асырылған тәжірибелерімен бөлісті. Оның айтуынша, «Жасыл мектеп» жобасы экологиялық білім беру деңгейін арттыруға, оқушылар арасында экологиялық мәдениет пен жанашыр көзқарасты қалыптастыруға бағытталған. Жоба аясында оқушыларға қоршаған ортаны қорғау, қалдықтарды сұрыптау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және тұрақты даму қағидаттары бойынша білім беріледі.


Жоба КАТКО компаниясының демеушілігімен, сондай-ақ Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен қолға алынған. Сонымен қатар жоба «Таза Қазақстан» мемлекеттік бастамасы аясында жүзеге асырылып, ел көлемінде экологиялық сананы арттыруға қосылған маңызды үлес болып саналады.


Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары экологиялық бастамалардың маңыздылығын атап өтіп, Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өңірде экология бағытындағы жобаларды қолдау басым бағыттардың бірі екенін жеткізді. Сондай-ақ ECO Network компаниясымен ынтымақтастық орнатып, бірлескен жобаларды іске асырудың тиімділігіне тоқталды.


Жоба аясында жиналған қалдықтардың көлемі туралы барлық дерек econetwork.green «жасыл» компаниялар порталында тұрақты түрде жүктеліп отырады. Жобаның бірінші жылының қорытындысы бойынша мектептерде ғана емес, оқушылардың бастамасымен олардың отбасыларында да қалдықтарды бөлек жинаудың тұрақты тәжірибесін қалыптастыру көзделген. Балалар жинаған сұрыпталған қалдықтардан түрлі бұйымдар дайындалып, қатысушыларға сыйлық ретінде табысталады. Атап айтқанда, брелоктар, телефонға арналған тұғырлар әзірленеді. Басты жүлдесі – қайта өңделген пластиктен жасалған шахмат жиынтығы. Жоба қорытындысы бойынша үздік мектепті орындалған модульдердің нәтижелері негізінде арнайы комиссия анықтайды.

Бөлісу